ШҚО әкімі бірқатар медициналық мекемені тексерді
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов бірқатар медициналық мекемелерге барып, тұрғындарды мазалаған мәселелерді қарап шықты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Мамандандырылған балалар үйіндегі кір жуатын орынға арналған жабдық жаңартылып, ғимараттың төбесін мамандар тексергеннен кейін, барлық ақаулар жойылатын болады. Тұрғындардың өтініші бойынша қала күніне орай Протозанов көшесінде учаскелік дәрігерлер мен кәсіби мамандар қабылдайтын емхана ашылады, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы, сондай-ақ, бұрынғы жедел медициналық жәрдем ауруханасы аумағында орналасқан перзентханаға барды.
– Пандемия белең алған тұста бұл нысан аурухана ретінде пайдаланылды, содан кейін ғимаратта күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде медициналық мекеме босанған әйелдерді, соның ішінде патологиялары бар әйелдерді қабылдауға дайын, – деді Даниал Ахметов.
ШҚО әкімі облыстық онкологиялық орталықтағы мамандармен бірге ПЭТ-жабдықты орнату мәселесін қарастырды.
– Бұл позитронды-эмиссиялық және компьютерлік томография мүмкіндіктерін біріктіреді және онкологиялық және басқа да ауруларды жоғары дәлдікпен диагностикалауға мүмкіндік береді. Екі ғимарат бар және осы заманауи жабдықты қай жерде орнатқан дұрыс екеніне талдау жасалатын болады – деді әкім.
Сондай-ақ облыстық медицина орталығына барған әкім гемодиализ үшін қосымша медициналық техника сатып алуды, бөлімшелер барлық қабылданған нормалар мен стандарттарға сәйкес келу үшін жөндеу жүргізуді қажет ететінін атап өтті.