ШҚО: аптасына 400 тонна қант "кіріп" тұр
Шығыс Қазақстанға Тараз бен Көксу зауыттарынан аптасына 400 тонна қант жеткізіліп тұр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Ертіс» ӘКК» АҚ мемлекеттік бағдарламалар департаментінің директоры Артем Демидовтың айтуынша, біздің облыс жетекші зауыттармен 3797 тонна немесе 56 вагон қантқа келісімшарт жасасқан. Бүгінге дейін өңірге 1900 тонна қант жеткізіліпті. Оның 1100 тоннасы облыс орталығына түсірілген.
– Қазір қантқа қатысты жағдай тұрақталды. Тамыз айында өнімді жеткізу көлемін ұлғайттық. Аптасына 400 тонна қант келіп түсетін болды. Сондықтан алдағы уақытта тәтті өнімнің тапшылығы болмайды, – деді Артем Демидов өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингіде.
Спикердің сөзіне сенсек, тұрақтандыру қорының дүңгіршектерінде бір келі қант – 469 теңге. Үй жанындағы дүкендер мен ірі сауда желілері бұл бағаға 15 пайыз ғана үстеме қоса алады. Сонда қант келісі ең жоғары дегенде 539 теңге болуы тиіс.