Өскемен тұрғыны бақшада есірткі өсірген
Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ірі көлемде есірткі сақтаған тұрғынды ұстады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Тінту барысында жасыл-қоңыр түсті өсімдік тектес зат салынған картон қорап, 4 полимерлік түйіншек және өсімдік тектес зат оралған тағы 2 газет түйіні тәркіленді. Сондай-ақ салмағы 7500 грамм болатын 39 түп қарасора табылды», - деп мәлімдеді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі.
Полицияның ақпаратына сүйенсек, сараптамадан кейін тәркіленген заттың кептірілген марихуана екені белгілі болған. Салмағы 700 грамнан асады. Ал гашиштің салмағы 2 грамнан көп.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК 300-бабының 1-бөлігі және 296-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.