Глубокое ауданында ауыл шаруашылығы өркендеп келеді - ШҚО
Шығыс Қазақстан облысының Глубокое ауданындағы «Убинка XXI» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы саласында 2012 жылдан бері еңбектеніп келеді. Компания тұқым шаруашылығымен ғана емес, дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар өсірумен де айналысады. Бұған қоса жақында кәсіп иесі мал шаруашылығына ойысты, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Осы мақсатта ұйымға 5 мың гектарға жуық жер бөлінген. Дәнді дақылдардан бидай, арпа, рапс, қарақұмық, күнбағыс өсіріледі.
– Сыра қайнататын арпаны Талдықорғанға жақын орналасқан Текелі қаласында француз зауытына сатамыз. Олар одан сыра уытын жасайды. Сондай-ақ, Шығыс Қазақстан облысы үшін жаңа дақыл – рапс өсіреміз, - дейді «Убинка XXI» ЖШС басшысы Серікбек Садықов.
Бұл шаруа қожалығында заманауи және сапалы техникаға көп көңіл бөлінеді. Жыл сайын техника паркі 2-3 бірлікпен толықтырылатын көрінеді. Мысалы биыл жаңа бүріккіш сатып алынды, оны ұйым басшысы «бүріккіштер Lamborghini» деп атапты.
– Бұл көп функциялы қондырғы. Оның көмегімен біз егістіктерді жыл мезгіліне сәйкес қорғау құралдарымен, тыңайтқыштармен және басқа құралдармен өңдейміз. Машинаның өнімділігі де, жылдамдығы да жоғары. Бір сөзбен айтқанда шаруашылық үшін пайда шаш етектен, – дейді Серікбек Садықов.
Айтпақшы, бұл Қазақстанға Германиядан әкелінген жеті бүріккіштің бірі. Қалған алты агрегат Солтүстік Қазақстан облысында.
– Екі жылға есептелген инвестициялық жоба бойынша сағатына 12 мың тонна астық сақтау және 100 тонна астық кептіру мүмкіндігі бар элеватор салып жатырмыз. Биыл бетон құю жұмыстары жүргізіліп жатыр, келесі жылы жабдықтарды монтаждауды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа қожалығының басшысы.
Элеватор астық қоймасынан, астық тазалағыштан және өңдеу кешенінен тұрады. Яғни төрт бірдей үлкен конус тәрізді бөшке орнатылады. Ең биігі 35 метр болады.
«Убинка XXI» астық кептіргішінің құрылысы аяқталғаннан кейін жүгері өсірумен айналысуды жоспарлап отыр. Жалпы карантиндік шараларға қарамастан шаруа қожалығы маусым жақсы өтті деп есептейді. Бүгінде астық жиналып бітті, қамба астыққа толды.