Шығыстың астығы шетелге экспортталады
Биыл Шығыс Қазақстан облысында 603,4 мың гектар егіс алқабына дәнді-бұршақты дақылдары, ал 281,6 мың гектар алқапқа мал азығының дақылдары егілген. Дәнді-бұршақты дақылдардың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 53,62 мың гектарға өскен. Ал жемшөп алқабы керісінше 9,9 мың гектарға азайған.
Өңірде дәнді-бұршақты дақылдар арасында күздік және жаздық бидай, қара бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, бұршақ, соя, ноқат, жүгері, масақ қоспасы, тары, тритикале және құмай қоспасы өсіріледі. Жемшөп дақылдарының ішінде сүрлемдік жүгері, дәнді-бұршақты жемшөптік дақылдар бар. Облысымыз негізінен бидай және күнбағыс дақылдарын өсіруге көбірек көңіл бөлетін көрінеді. Биыл егіс алқаптарының 420,8 мың гектарына бидай, ал 420,5 мың гектарына күнбағыс егілген екен.
Алқаптардан орылған өнімді кептіріп, қамбаға төгуге мүмкіндік жетеді. Жиналған өнімді ысырап етпей өңдеу үшін облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде 300 механикалы ток және 90 кептіргіш бар. Сондай-ақ, алтын алқапты аудандарда астық кептіруге арналған 8 элеватор жұмыс істеп тұр. Алтай, Шемонаиха, Глубокое аудандары мен Семей, Өскемен қалаларындағы элеваторлар, астық қабылдау пункттері мен шаруалардың меншікті қоймалары бір уақытта 1 миллион тоннаға жуық астықты сақтауға қауқарлы.
Шығыстан күнбағыс, зығыр және рапс сияқты майлы дақылдар алыс-жақын шетелдерге де экспортталады. Мәселен, күнбағыс Ресейге, Тәжікстанға, Өзбекстанға, Қытайға өткізіледі. Ал зығыр Ресейден бөлек Австрияға, Бельгияға, Моңғолияға, Польшаға эспортталады. Рапс та Ресейге, Австрияға, Иранға, Моңғолияға және Данияға шығарылады.