KZ
Өскемен
-6°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, ОШ
516.93 542.52 4.98

Глубокое ауданында көпбалалы ана кәсіп ашты

16.10.2020, 07:13 135

Глубокое ауданында көпбалалы ана кәсіп ашып отыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.

Ана бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді деген нақыл сөз бар. Ендеше қазіргі аналар отбасы-ошақ қасының ғана емес, қоғамның да қозғаушы күші болуы тиіс. Осы сөзімізге мысал болатын көпбалалы әрі кәсіпкер ана Глубокое ауданының Белоусовка ауылында тұрады. Үй шаруасымен қоса кәсіпті ұршықша иіріп отырған іскер ананың есімі Динара Орымбаева.

Сөз басында айта кетейік, биыл нәтижелі жұмыспен қамтуды және кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында Глубокое ауданына 21,1 млн теңге бөлінді.

– Бұл қаражатты  алуда көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, NEET санатындағы жастарға, денсаулық мүмкіндіктері шектеулі адамдарға және жұмыссыздарға басым құқық берілді. Ауданның 38 тұрғыны 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант алды, – дейді «Шығыс Қазақстан облысы Глубокое аудандық әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының» директоры Алтай Қалиғожин.

Динара 555 мың теңгелік грант иегерлерінің бірі атанды.  Берілген қаражатқа йогурт және май дайындауға арналған жабдық сатып алды. Жас кәсіпкер сүт өнімдерін шығару туралы идеяға кездейсоқ келген көрінеді.

– Менің құрбым – нутрициолог. Ол дұрыс тамақтану хаттамаларын жасау үшін үнемі сапалы майды қолданады. Бірақ оның бағасы жоғары еді. Бір күні екеуміз неліктен маған осы іспен шұғылданбасқа деген ойға келдік. Мен декреттемін, бос уақытым көп және қосымша табыс көзі артық етпес еді. Содан бір түнде отырып бизнес-жоспар жазып шығып, аудандық жұмыспен қамту орталығына бардық, – дейді Динара.

Орталықтан қолдау тапқан Динара Орымбаева «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, өз жобасын қорғап шыққан. Тиісінше еңбек грантына ие болды. Қаржы көпбалалы ананың қолына жазда тиген.  Алайда ел аумағындағы карантин кәсіпті бірден бастап кетуге кедергі болыпты. Тапсырыс берілген жабдық кешігіп жетті. Сондықтан кәсіпкер өзінің алғашқы өнімін бірнеше апта бұрын ғана шығарды. Дегенмен ісі ілгерілеп келеді. Ал брендті Динара жалғыз қызының құрметіне "Milky Kamila" деп атады. 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу