KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 3 м/с, СБ
494.87 520.65 4.91

Абай, Алтай, Аягөздің жылыту қазандығындағы жұмыстар 10 қазанда аяқталуы тиіс

9.10.2020, 09:53 237

ШҚО-да әлеуметтік ғимараттар мен көпқабатты тұрғын үйлерге 25 қыркүйектен бері жылу беріле бастады. Энергетика және ТҮКШ басқармасының мәліметінше, бюджеттік ғимараттар дайын және 100% көмірмен қамтамасыз етілген.

Бүгінге дейін өңірде 945 мектеп және денсаулық сақтау саласының 73, әлеуметтік қорғау саласының 17 нысаны және  4837 көпқабатты тұрғын үй жылуға қосылған.

Әсіресе, өмір сүру нысандарын отынмен қамтуға ерекше көңіл бөлінуде. Облыстағы ЖЭЦ пен жылу көздерінде 308 мың тонна немесе 147% қор бар. Жеткізу келісімшартқа сәйкес жүргізілуде.

Жалпы айтқанда, облыстағы барлық өмір сүру нысандары жылыту маусымына дайын. Тек аудан, қалаларда жөнделіп жатқан станса мен қазандықтардың мәселесі алаңдатады. Алайда басқарма алаңдауға негіз жоқ, қазандықтардағы ағымдағы жөндеу жұмыстары 2-3 күн ішінде аяқталады деп отыр.

- Қазір алдағы жылыту маусымы дайындық ретінде Алтай ауданындағы Серебрянск қаласында жылу сорғы станциясында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол үшін бюджеттен 50 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары қазан айының ортасына дейін аяқталуы тиіс, - дейді Энергетика және ТҮКШ басқармасының баспасөз қызметі.

Сондай-ақ, Абай ауданындағы Қарауыл ауылында жылу беру жүйесін қайта құру бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр. Қазандықты іске қосу 10 қазанда жоспарланған.  

Ал Аягөз ауданында құны 132 млн.теңге тұратын Аягөз қаласындағы «Солтүстік» қазандығына ғимаратын жөндеу бойынша жұмыстар аяқталуға жақын. Бүгінде КТС-1,5 Гкал маркалы 4 қазандық орнатылып, құбырларды монтаждау бойынша жұмыстар, 2 қазандықтың астары аяқталды. Қалған 2 қазандықтың кірпіш қалау жұмыстары, сорғы тобын монтаждау және электр жабдықтарын монтаждау сияқты жұмыстар қалды. Қазан айының 10 на дейін бітуі тиіс.

- Жергілікті атқарушы билік органдарының қызметінен басқа, жылу беру маусымына дайындыққа тұрғындардың өзі де қатысуы маңызды екенін атап өткен жөн. Жылыту маусымына уақтылы дайындық қыста ғимараттарды қосу мен пайдалану кезінде қиындықтардан аулақ болуға мүмкіндік береді. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысындағы барлық ғимараттар дайындық жұмыстарының жүргізілмеуіне байланысты уақытында жылуға қосыла алмады. Семей қаласының Цемент кенті мен жаңа Қарағайлы шағын ауданының тұрғындары пәтерлерінің салқындауы мен жылуға қосыла алмауы салдарынан бірқатар қолайсыздықтарды бастан кешті. Бүгінде аталған аудандардың тұрғындары 100% жылумен қамтамасыз етілген, - деп хабарлайды Энергетика және ТҮКШ басқармасының баспасөз хатшысы Аяужан Ашимова.

Айта кетейік, аймақта жылыту маусымына дайындық жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу