Жедел-жәрдем көлігі батпаққа батып қалды – Өскемен
Прапорщиково ауылында жедел-жәрдем көлігі батпаққа батып қалды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл оқиға өткен түнде, шамамен сағат тоғыз кезінде, болған. Медицина қызметкерлері облыс орталығынан шұғыл шақырту бойынша шығыпты. «Жедел-жәрдем» діттеген мекенжайға жетпей, ауыл ішінде батпаққа батып қалған. Абырой болғанда, құтқарушылар дереу оқиға орнына жетіп, арнайы техниканың көмегімен «жедел-жәрдемді» тартып шығарды.
– Прапорщиково – қала іші емес. Оның үстіне түн мезгілі. Жол батпақ екенін білсе де, дәрігерлердің ойланбастан көмекке асыққаны, әрине, түсінікті. Өйткені жедел жәрдем қызметкерлері біз сияқты әрдайым шұғыл көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруге асығады, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасы баспасөз қызметінің маманы Марина Лискова.