KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Мүсінші дәрігер

22.02.2018, 04:16 393

Ермексаздан Абайдың кеуде мүсінін жасап отырған ақ халатты дәрігер жігіттің өнері таңдандырмай қоймады. Осының алдында ғана Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханды мүсіндепті.


Дәрігерлердің ішінен әншісін, бишісін, спортшысын кездестіруге болады. Ал мүсін өнерімен айналысатын дәрігер ілуде біреу шығар. Дәрігер  Ержан Қази қолы қалт етсе, белгілі тұлғалардың кеуде мүсіндерін жасаумен айналысады. Күршім ауданында туған ол кішкентайынан бейнелеуге бейім болды. Әкесі омарта ұстағаннан кейін бе, балауыздан түрлі-түрлі фигуралар жасап, туған-туыстарына сыйға тартатын. Мектепті тәмамдаған соң, кәсіби мүсінші болуды да армандаған. Алайда, аға-әпкелерінің ізімен Астанадағы медициналық университетке оқуға түседі. Оқып жүрген кезінде елордада бой көтеріп жатқан кейбір мүсіндердің жасалуына куә болған. Кәсіби мүсіншілердің шеберханаларына барып, мүсін жасаудың қыр-сырымен танысқан. Бірақ арнайы алған білімі жоқ. Тума талант.



Бүгінде ол Өскемендегі облыстық «Ана мен бала» ауруханасында рентгенолог. Әйтеуір, өнеріне қызметінің еш кедергісі жоқ. Жұдырықтай мүсіндерді жұмыс орнында отырып-ақ жасай береді. Ержанның коллекциясында анималистік жанрда жасаған мүсіндер де жетерлік. Әсіресе, «Бүркіт пен қасқырдың арпалысы» атты композициясындағы екі жақтың жан алысып, жан берісу сәті өте тамаша шыққан. Бүркіттің төбеден қаһарлана төніп келе жатқандығын, қасқырдың жалт бұрылып, азуларын ырсита ашып қорғануын әр бөлшегіне дейін мән беріп жасаған. Сондай-ақ қаз-қатар тізіліп тұрған мүсіндердің ішінен Сталин мен Гитлердің де мүсіндерін байқап қалдық.



- «Өнерде шек жоқ» дейді емес пе?! Сталин мен Гитлерді насихаттайын деген ойым емес. Тек кескін-келбеттері мүсінге сұранып тұрған соң жасағаным ғой. Ал Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсыновтардың мүсіндерін жасауда ермексазбен шектелмей, қоладан құйып шықсам деген ой бар, - дейді мүсінші дәрігер Ержан Қази.


Қоладан құю бір күндік жұмыс емес. Ол үшін силиконнан қалып жасау қажет. Ал силикон материал Өскеменде тапшы көрінеді. Табылғанның өзінде арзан емес. Шыққан шығынды ақтау үшін жасалған дүние бағаланып, көрмелерде сатылымға шығарылуы керек. Ал мүсін сатып, пайда табуды көздеп жүрген Ержан емес.


 


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив