KZ
Өскемен
+9°
облачно с прояснениями жел 1,4 м/с, В
478.93 534.96 5.16

Алаш тағдырына байланысты жасаған дүниелерім маған ерекше күш-қуат сыйлады

15.12.2017, 04:46 269

Майя Бекбаева Шығыс өңірден шыққан, елімізге танымал тележүргізуші, Семейдің тумасы, «Жетінші арна», «Хабар» телеарналарында еңбек етеді. Биыл Алашорданың 100 жылдығы аталып өтілуде. Ол Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов жайлы деректі фильмдер түсіру үшін туған қаласы Семейге келген екен. Қаладағы Абайдың қаражатына сатылып алынған Әнияр Молдабаевтың үйінде біраз көріністер түсіріпті. Бұдан соң Майя шаруасы тығыз болғандықтан Абайдың тарихи-мемориальдық мұражайында түсірілімдерде болды. Сөйтіп, шаруа арасында жүріп, Майя екеуміз Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледждің ғимаратында жүздесіп, сұхбаттастық. Айтуынша, бұл жер оған өте қымбат. Себебі 1963 жылдан 1987 жылға дейін атасы Асылхан Бекбаев осы оқу орнының директоры болған. Директоры болып қана қоймай, осы колледжге ең алғаш рет Мұхтар Әуезовтың есімін бергізген де атасы екен. Ал биыл Мұхаңның туғанына 120 жыл толып отырғандығын да атай кеткен жөн.



-Мен мектепте жүрген кезімнен журналист болатынымды білдім,-дейді Майя әдемі жымиып,-жергілікті Семей қаласының газетінде мен туралы мақала басылды, онда былай делінген: «1 Б сыныбының оқушысы Майя Бекбаева АҚШ Президенті Рональд Рейганға өзіндік ұсыныс жасады...». Иә, бала кезімнен мен саясатқа, айналада болып жатқан қоғамдық өзгерістерге құмар болдым. Менің тілді ерекше білуім мені журналистикаға алып келді. Оның үстіне әл Фараби атындағы ҚазМҰУ-ге түсуге менің газеттерге шыққан көптеген мақалаларым септігін тигізді. Үржарда 7-сыныпта оқып жүрген кезімде, «Пульс времени» атты аудандық газеттің тілшісі болдым. Басылым редакторы Зоя Асылханқызы Буланова маған: «Майя сен мықты журналист боласың!» деп үміттендіретін. Атам Асылхан Бекбаев та журналист болуыма ықпал етті. Ол бүкіл өмірін халықты сауаттандыруға арнағандықтан да, менің тілге, тарихқа, журналистикаға деген қызығушылыма тікелей ықпал етті. Бойымдағы қасиеттің бәрі атамнан дарыған дей аламын. Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезде, курстастарым сияқты мен де жұмыс істей бастадым. Телевидение саласын таңдадым. «Таң», «Шахар» деп аталатын арналарда жұмыс істедім. Сосын «Қазақстан» телеарнасының шақыртуымен Астанаға ауыстым. Бұнда «Личная территория», «Статус столицы» бағдарламаларын жүргіздім. Сонау, бала кезімде сахнадан түспедім десем де болады. Анам Татьяна балерина еді, хореограф. Үржардағы балалар хореографиялық ансамблі анамның арқасында әлемге танымал болды. Ал әкем Төлегеннің дауысы да ерекше, оған құрдастары «телевидениеде неге жүргізуші болмайсың» деп қалжыңдайтын. Әкем тарих пәнінің оқытушысы, содан болар бәлкім, мен бүгінде Семей қаласына, Алаш қайраткерлерінің өміріне қатты қызығып, көптеген фильмдер түсірдім. Бала кезімнен билеп, ән салып, өлең айтып үйренген едім. Осының бәрі маған журналистикада септігін тигізді.


Атам Асылхан Бекбаев тоқсаннан асқан қария, соғыс ардагері.


-Ал енді атам Асылхан Бекбаев туралы ерекше атап айтқым келеді.,-дейді Майя Бекбаева ерекше ілтипат сезіммен,-ол 1924 жылы туған. Семей педагогикалық институтын бітірген, жоғары білімді. Соғыс жылдары Ресейдің Петропавл қаласындағы Селище авиация техниктері әскери мектебінің курсанты болды. Әскери мектепті бітірген соң 6-гвардиялық бомбалаушы авиадивизия құрамында Белоруссияны, Прибалтиканы, Шығыс Пруссияны азат етті. Кеңес Армиясы қатарында 8 жыл қызмет етті. Педагогикалық училищенің оқытушысы болып, Семей облыстық партия комитеті аппаратында да жұмыс істеген. 1963-1987 жылдары Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық училищенің директоры болды.Зейнет демалысына шыққаннан кейін де ардагерлер қозғалысына белсене қатысуда.Қалалық соғыс, еңбек және Қарулы Күштер ардагерлері кеңесінің мүшесі, қалалық жауынгерлік Даңқ және өлкетану мұражайы кеңестерінің мүшесі.І дәрежелі Отан Соғысы ордені, «Германияны жеңгені үшін» медалі жауынгерлік наградаларымен, «Құрмет Белгісі» ордені, «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдары, «Ерен еңбегі үшін» медалі еңбек наградаларымен марапатталған.«КСРО ағарту ісінің үздігі», «ҚазССР халық ағарту үздігі» атақтарының иегері. Атам Асылхан Белоруссияны азат ету барысында Турки ауылына тап болады. Ауылды жаулар өртеп кетсе керек. Жертөледен 18 жасар белорусс қызы табылады. Кейінірек, атам соғыста жараланып қалғанда, госпитальде жатқан оған, жаңағы жас қыз көп көмектеседі. Сөйтіп атам бір босаған сәтінде, Татьянаны Қазақстанға алып келіп, өзі қайтадан майданға аттанады. Сөйтіп, соғыстан аман-есен оралып, үйіне келсе Таьяна әжеміз қазақшаны үйреніп алыпты. Қазақтың салт-дәстүрін жатқа атып, атамды таңғалдырады. Анам Татьяна да орыс қызы. Әкем екеуі бірін-бірі қатты сыйлайды. Қазір отбасымыздағы сыйлы келін, бәрінің қамқоршысы.


«Ұлы Қазақтардың тағдыры мен құпиясы» ерекше жобамның бірі


-Майя, атаңыз Асылхан Бекбаевқа деген біздің халқымызды құрметі ерекше. Ал енді өз отбасыңыз жайлы не айтар едіңіз?



-Жұбайым, яғни семейліктердің күйеу баласы Әділ Нұртаймен «Қазақстан» телеарнасында, Астанада таныстым. Ол Қостанай мемлекеттік университетін бітірген, жаңалықтар бағдарламасының жүргізушісі еді. Ал мен «Бизнес-жаңалыықтар» бағдарламасын жүргіздім. Шыны керек, орыс мектебін бітіргендіктен, шіркін, қазақ тілін еркін білетін адамға тұрмысқа шықсам ғой деп армандайтынмын. Арманым орындалды. Әділ қазақ мектебін бітірген, университетте қазақша оқыған, қазақ тілін, тарихын өте жақсы көреді. Мұхтар Мағауин мен Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туындыларын оқығанды ұнатады. Содан кейін болар бүгінде «Жетінші арна», «Хабар» телеарналарында жүріп жатқан «Ұлы Қазақтардың тағдыры мен құпиясы» («Тайны и судьбы великих казахов») атты жобамызды бірден бастап кеттік. Онда алаш қайраткерлері, қазақтың талантты адамдары барлығы қамтылған. Айтпақшы, Мұқағали Мақатаев туралы фильмде Әділ Мұқағалидың ролін сомдап, біраз деректі эпизодтарды жасауыма көмектесті. Мен сценарий жазып, хабар жасасам, монтаждау, эфирге жіберумен Әділ айналысады. Жақында ғана Ыбырай Алтынсарин туралы фильм түсіріп келдік. Таңғалғанымыз, жерлестері ұлы ағартушыны ерекше құрметтейді екен. Мектеп, интернат, мұражай, көше барлығы Ыбырай Алтынсариннің атындағы үлкен бір кешен. Ал енді қараңызшы, бізде Әміре Қашаубаевтың тіпті музейі де жоқ, біз ол туралы фильм түсірген кезде сол заманның интерьерін қолдан жасап көрсетуімізге тура келді. Содан кейін әрине «Жан сырым» атты бағдарламам да көрермендердің ықыласына ие болды.


Туған жерді қастерлеу бала кезімнен бойыма сіңді.


-Сіз қазақ телевизиясының дамуына үлес қосып, өте үлкен жобаларды бастадыңыз. Жаңалықтарды, ток-шоуларды жүргізесіз. Отбасыңыз бар, бәріне қалай үлгересіз, әлде көмекшіңіз бар ма? Журналистикаға қалай келдіңіз?


-Әрине, продюссерлер, ассистенттер, операторлар мен режиссерлер барлығы көмектеседі, ең бастысы жолдасым Әділ Нұртай жанымда.Біз өз балаларымыз Айлин мен Жәңгірді де жан-жақты ғып өсіруге тырысамыз. Қызым Айлин екі жыл бойы гимнастикамен айналысты. Биледі және сән үлгісін көрсетуші кішкентай модель ретінде таныла бастады. Жәңгір ұлымыз кішкентай болса да, талпынысы бар. Лингвистикалық орталыққа барып, тіл үйреніп жүр. Мен өзім де солар сияқты белсенді болдым. Үржарда мектеп бітірдім. Оның табиғаты керемет. Біз неше түрлі шаралар өтетін тоғайлы жерде тұрдық. Айналамызда таза мөлдір бұлақтар атқылап жататын. Әрбір шаралар аяқталған сайын келген-кеткен халықтың соңынан небір қоқыс-қалдықтар шашылып қалатын. Содан бала болсам да, мен жергілікті газетке мақала жаздым. Ініміз Асыл екеуміз күн сайын бұлақтардың басын тазалауды әдетке айналдырдық. Ауылдастарым менің мақаламды оқып, мақтан тұтатын. Мен болсам, сол мақалам арқылы табиғатты қорғауды үйреттім деп ойлайтынмын, сөйтсем, шаралар, жиындар легі өткен сайын сол жер шашылып қала беретін болды. Ал міне, ұзақ жылдар журналистикада жүрген сайын, мен сол бұлақ тазалап жүргендей әсердемін, тазалаймын, түсіндіремін, қайта тазалаймын. Мен отбасында қарапайым адаммын. Жұмысқа да, балаларға да үлгеруге тырысамын.


Семейде Әлихан, Ахметтер отырған ескі түрмені де түсірдім.

-Өзіңіз көптеген деректі фильмдер түсірген Шәкәрім, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлыларының тұлғалары қоғамды дамуға септігін тигізген ірі дүниелер болды. Ұлт тұлғалары жайлы не айтар едіңіз?


-Біздің Семей қаласының ХІХ ғасырдың басында оң жағалауда орналсқан. Ол кезде Семей көне әрі шағын қала еді. Сол жағалаумен байланыстыратын көпір де болған жоқ, халық әрі-бері қайықпен жүзіп өтетін. Сол жағалауға сол жылдары Әлихан Бөкейхан бастатқан Алаш қайраткерлері кліп, Алаш ауылы деп ашып, жұмыстарын бастаған. Міне, біз осыған орай Семей қаласының тарихының бір бөлшегіне «Алаш тағдыры» да кіреді деп айта аламыз. Семейді халық «Абай елі» деп немесе «Алаш мекені» деп символды, ұнамды түрде айтады. Дегенмен Семейдің өзіндік байырғы атауы қала сыртындағы Семейтаудан басталады. Семейтау мен Шыңғыстау қатар орналасқан. Шыңғыстауда Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды даналар туып-өскен. Шәкәрімді түсіру үшін Жидебайдағы Абай, Шәкәрім кесенесіне бардым. Шыны керек, репрессияға ұшыраған, түрлі аштықты, зұлматты бастан кешірсе де қазақ халқы өзінің елдігін сақтап қалды. Маған да оңай емес, тарихи фильмдерді жазған кезде, бір жылап аламын. Өйткені мен роль ойнап тұрған актриса емеспін, халыққа кадрде шындықты жеткізуім керек. Сондықтан да әр жасаған дүниемді жанымнан терең өткіземін. Әлихан Бөкейханға келсек, Семейде сол Әлихан, Ахмет отырған ескі түрмелерге дейін барып түсірдім. Бір жақсысы барлығы сақталып қалған. ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың бірінші жартысында қазақ қоғамында белгілі болған зиялы тұлғалардың көш басшысы, жетекшісі. Фильм жобасына дайындықты бастағанда Амантай Исин, Сұлтанхан Аққұлұлы, Тұрдықұл Шаңбай сияқты тарихшы ғалымдар, алаштанушылар көмекке келді. Өзім де алаштану саласына зерттеу жүргізіп, құнды мұраларды халыққа таныстыруға еңбек сіңіріп жүрген ғалымдардың кітаптарын оқыдым. Мәселен, Алаш қозғалысының белсенді өкілі, заңгер Әлімхан Ермековтің «Ол кiсi Петроград университетiнiң орман-ағаш факультетiн тәмамдаған. Заң факультетiне Ленинмен бiрге экстернат болып емтихан тапсырған. Терең дария мұхиттай бiлiмдi ғалым болатын. Тоғыз тiлде еркiн сөйлеп, жаза бiлетiн. Бiздiң ақыл-ойымыз Тоқырауын өзенiндей болса, Әлихан Бөкейханов Балқаш көлiндей дария едi ғой!»-деп жазыпты. Былтыр 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтілген Әлихан ов 1866 жылы 5 наурызда бұрынғы Семей облысы Қарқаралы уезі Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бірақ, қайтыс болған жері Мәскеу болғандықтан, сол жаққа барып, Бауырластар зиратындағы қабіріне тағзым еттім. Мәскеуде ол тұрған үйді де түсіріп, көрермендерге көрсеттім. Ол Қазақ хандығы жайлы өзінің 1914 жылы жазған мақалаларының бірінде «Хан баласында қазақтың хақысы бар: қалай да қазақтың бір қызметіне жарамай қоймаймын!» деп жазады. Әлихан Бөкейхан –қоғам және мемлекет қайраткері, айта кету керек, ХІХ ғасырдың соңы - ХХ ғасырдың бас кезіндегі казақ қоғамының тарихын зерттеген Оксфорд және Сорбонна университеттерінің профессорлары қазақ зиялыларының алаш қозғалысына «мәдени-ренессанс дәуірі» деп баға берген. Өздеріңіз білесіздер атам Асылхан Бекбаев та, әкем Төлеген де тарихшы, ұстаз адамдар, сондықтан болар Ахмет Байтұрсынұлы туралы деректі фильмімді Семейге келіп жасаған кезде оның қазақтың тілі мен тарихына, ұстаздық жолына жасаған еңбегін ерекше атап өттім. Ахмет Байтұрсынұлы 1873 жылы 18 қаңтарда қазіргі Қостанай облысының Торғай өңіріндегі Сартүбек деген жерде дүниеге келеді. Әкесі Байтұрсын Шошақұлы намысқой, сергек, еті тірі адам болады. Сол себепті де Байтұрсын мен оның ағайындары патша өкіметінің өкілі – уезд бастығын соққыға жығып, түрмеге қамалады. Осы оқиға он жасар бала Ахметтің санасына қатты әсер етеді. Мәселенің түп негізін толық ұқпағанымен, ол өмірдегі әділетсіздік пен зорлықты, әкесін соққыға жыққанды көріп, тітіркенеді. Фильмде Ахмет Байтұрсынұлының жұбайы жайлы деректер де бар. Бұл жобаны Семейдегі Абай сатып әперген Әнияр Молдабаевтың сол замандағы үйі, қазіргі «Мұхтар Әуезов және алаш арыстары» мұражайында түсірдім.


-Сіздің жобаларыңызда, фильмдеріңізде сол тарихи уақыт талабына сай киінетіндігіңіз байқалады. Киімдеріңізді мазмұнға сай дәл етіп киіну үшін тіктіресіз бе, әлде дүкен аралайсыз ба?



-Жұмысымның көптігі соншалық мен дүкен аралауға, қонаққа баруға мүлде қолым тимейді. Өз фильмдерімде қазақстандық дизайнерлер ұсынған астаналық дүкендерде сатылатын отандық өнімдерді киіп шығамын. Бос уақытым болса, тек отбасыма және балаларыма арнағым келеді. Қолымда енем бар, керемет ақжарқын, бауырмал адам. Өзім жұмыс істейтін «жетінші арна» және «Хабар» телеарналарында жобаларымды алаңсыз атқарып, халыққа тың дүниелерді ұсынуды жалғастыра бергім келеді. Семейге келіп, Абай, Шәкәрім жайлы тың дүниелер жасап, тағы да халық назарына ұсынған жөн. Айтылмай, жазылмай, көрсетілмей жатқан дүниелер өте көп.

-Әңгімеңізге рахмет!

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив