KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
478.96 533.03 5.22

Өскеменде «Парсы нақыштары» атты Иран өнерінің көрмесі өтуде

14.05.2017, 18:00 435



Өскеменде «Парсы нақыштары» деген атпен қазіргі заманғы Иран миниатюрасы мен өнерінің көрмесі ашылды. Көрменің ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени мәселелер бойынша кеңесшісі Масуд шейх Зейнеддин қатысты.

Иранның суретшілері мен шеберлерінің қолынан шыққан картиналар, сүйек пен металлдан, ағаш пен теріден жасалған бұйымдар «Алтай» галереясының төрт бірдей залына қойылыпты. Десе де экспозицияның басым бөлігін парсының ұлы шайыры Фирдоусидің «Шахнама» дастанының желісі бойынша салынған миниатюралар құрайды.

Фирдоуси «Шахнаманы» жазуға өмірінің отыз бес жылын сарп еткен. Бір сөзбен «Шахнаманы» иран халқының шежіресі десе де болады. Жарыққа шыққанына он ғасырдан артық уақыт болған «Шахнама» дастаны иран халқының ғана емес, бүтіндей адамзат баласының ортақ рухани мұрасына айналған. Миниатюралар «Шахнама» оқиғалары, оның басты кейіпкері Рүстемнің ерліктері, махаббат пен жек көру, достық пен қастық, даңқ пен масқаралық, өлім мен өмір, қуаныш пен қайғы жайында сыр шертеді. Бір атап айтарлығы, аталған көрме «Шекарасыз музей» атты ұзақмерзімді жобаның аясында өткізіліп отыр. Жалпы, аталған музей мен Қазақстандағы Иран Ислам Республикасының елшілігінің мәдени орталығының арасында тығыз мәдени қарым-қатынас орнаған. Орталық түрлі көрмелерді ұйымдастыруға үнемі қол ұшын созады. Тіпті, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығында Иран өнері мен мәдениетінен сыр шертетін жәдігерлер топтамасы да бар екен. Әрине, бұл көпжылғы бірлескен жұмыстың жемісі екені сөзсіз.

Көрменің ашылу салтанатында Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени мәселелер бойынша кеңесшісі Масуд шейх Зейнеддин мырза да сөз алды.
- Мәдениет деген – құнарлы жер сияқты. Ізгілік пен мейірімділіктің дәнін ексең, жемісін көресің. Мәдениеттер де жақын болған сайын, халықтар да соғұрлым жақындаса түседі. Өзара ынтымақтастық та жемісті болады, - деді ол өз сөзінде.

Сондай-ақ, Иранның сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің қолынан шыққан дүниелер де көрмеге келушілердің ерекше қызығушылығын тудырды. Бұл топтамалардан шығыстың нәзік нақыштары айқын сезіліп тұрады. Көрмеге қойылған бұйымдардың әрқайсысы өзіндік өрнегімен ғажап! Мысалы, шағын ғана сандықшаны жасау үшін иран шеберінің қаншама тер төккені өзіне ғана аян.

Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің мәдени мәселелер бойынша кеңесшісі Масуд шейх Зейнеддин Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының басшысы Николай Зайцевке Фирдоусидің қазақ тіліне тәржімаланған шығармаларын сыйға тартты.


Көрме Өскемендегі Шығыс Қазақстан облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық музей-қорығының «Алтай» галереясында өтіп жатыр.

Мейрамтай Иманғали
Сурет: Есімхан Орынбаев




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив