KZ
Өскемен
+2°
ясно жел 2 м/с, С
479.23 534.96 5.16

ШҚО-да заңсыз таксистермен ашық күрес басталады

11.05.2017, 18:00 216



Алдағы уақыттан бастап облыс аумағында ешқандай заңды құжаттарсыз, салық органдарына тіркелусіз заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқандарға тыйым салынып, істері сотқа дейін жеткізілетін болады. Бұл туралы облыстық көлік прокуратурасында өткен жиында айтылды.

Облыстық көлік прокуроры Рустем Тоқбергеновтің айтуынша, жуық арада заңсыз жолаушы тасымалдаушылармен күрес бойынша шұғыл әрекет ететін облыстық штаб құрылады. Оның құрамына көлік прокуратурасының, ІІД Әкімшілік полиция басқармасының, жергілікті полиция қызметінің, облыстық көліктік бақылау инспекциясының, облыстық жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының, мемлекеттік кірістер департаментінің, «Нұр Отанның» және БАҚ өкілдері кірмек. Штабтың қарамағында тұрақты жұмыс тобы істейтін болмақ.

– Дәл осындай штабтар өңірдің қалалары мен аудандарында да құрылады. Бұл ең бірінші кезекте жолаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы, оларға сапалы қызмет көсетілуі үшін жасалып отыр. Енді облыс ішілік және халықаралық маршруттарда заңды түрде жолаушы тасымалдап, кәсібін жасап жүргендердің алдын орап кетуші такси жүргізушілермен ашық күрес басталады. Бұған құзырлы мекемелердің бәрі келісіп отыр. Тіпті, қажет болса, ҰҚҚ шекара қызметінен де ақпараттар аламыз. Автовокзал, теміржол вокзалдары, әуежай аумағында рейдттер БАҚ өкілдерінің қатысуымен барынша жариялы түрде жүреді. Заңсыз такси жүргізушілері туралы материалдар сотқа дейін жеткізіліп, мерзімді басылымдар арқылы жаряланады, - деді облыстық жолаушы тасымалы және автокөлік жолдары басқармасының басшысы Мұрат Мұсатаев.

«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының бірінші орынбасары Әнуарбек Мұхтарханов қалалар мен аудандар, ауыл арасындағы заңсыз жолаушы тасымалдау жайы жергілікті әкімдерге жақсы мәлім екенін, сол себепті бұл іске әкімдерді де тарту, олар да мүдделілік танытуы туралы ұсыныс жасады.

Жиында сонымен қатар заңсыз тасымалдаушыларды тоқтату үшін облыс орталығы мен аудандар арасында, аудан ішінде барлық бағыттарда заңды жолаушы тасымалдауды ұйымдастыру керектігі де сөз болды. Бұл жұмысқа жоғарыда аталған құзырлы мекемелермен бірге қоғам өкілдері де барынша жұмылдырылмақ.

Дәурен Аллабергенұлы




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив