KZ
Өскемен
+18°
небольшая облачность жел 4 м/с, В
443.37 474.49 4.83

Күршім, Жарма жұрты жол азабын тартуда

26.01.2018, 03:51 178

Қазіргі күні облыста  жүйелі жүріп тұрған 326 автобус маршруты бар. Жолаушылар 18 халықаралық,  22 қалааралық және облысаралық, 76 облысішілік, 145 қалаішілік, 51 ауданішілік, 14 кентішілік маршруттармен тасымалданып жатыр. Аймақтарды дамыту бағдарламасына сай 2020 жылға дейін біздің облыстағы жолаушы тасымалымен қамтылмаған елді мекендер санын неғұрлым азайта түсу міндеті қойылып отыр. Бүгінде облыстағы 708 елді мекеннің 70 пайыздайы жүйелі автобус қатынасымен қамтылған.


Биыл былтырғымен салыстырғанда  автобус қатынасынсыз қалып отырған  ауылдар саны  азайып, 30 пайызға түскен. 2016 жылы жүйелі жолаушы тасымалымен қамтылмаған елді мекендер барлық ауылдардың 35 пайызын құраса, өткен жылдың аяғында бес пайызға төмендеген.  Жолаушы тасымалы жолға қойылмаған аудандардың көшін Аягөз ауданы бастап тұр. Бұл өңірдегі 59 елді мекеннің 39-ында (66 пайызы)  жолаушы тасымалы мүлде жоқ. Жарма ауданындағы жағдай да осындай. Аудандағы 54 елді мекеннің  30-ына автобус қатынамайды. Ал  Күршім ауданындағы 55 ауылдың 37-сіне немесе 57 пайызына автобус жүрмейді. Ауыл арасына автобус жүрмейтін үш ауданның жұртына бүгінде ойға да, қырға да таксилетіп жүруге тура келіп тұр. Аягөз, Жарма аудандарының бір бөлігі темір жолмен жалғасып жатса, темір жолы, көлік ағылған транзиттік тас жолы жоқ қиырдағы күршімдіктердің аптап ыстық, қақаған аязда жол тосқан  ахуалы айтпаса да түсінікті.


Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әсет Сұлтановтың айтуынша, қазір халқының күні таксилерге түсіп, жол азабын тартып жүрген аудан, қала әкімдіктерімен  шағын ауылдарға автобус жүргізуге субсидия бөлу туралы мәселе қарастырылып жатыр.


-Аудандардағы 30-50 адам тұратын елді мекендер автобус қатынасымен қамтылмай отыр. Себебі белгілі, бұл ауылдарға автобус бағытын ашу көп шығын әкеледі. Аудан әкімдіктері осындай ауылдарға  жүрген автобус тасымалы  шығынының белгілі бір бөлігін   жауып отыратындай  аудандық бюджеттерден субсидия қарастыруы керек,- дейді осы салаға жауапты басқарма басшысының орынбасары.


Ал, Абай, Ұлан, Бесқарағай аудандарында қазір аудан ішінде жүріп жатқан бірде-бір жүйелі маршрут жоқ. Аталған аудандардың тұрғындары түгелдей  таксимен, әрі-бері жүріп жатқан ауданаралық, облысаралық автобустарға отырып жол жүріп жүр.


Елді мекендерді жолаушы тасымалымен қамту үшін облыстың тоғыз ауданына: ауданішілік, қалаішілік автобус қатынастарына облыс бюджетінен субсидия бөлініп келеді. Субсидия алып отырған Аягөз, Глубокое, Жарма, Зайсан, Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Үржар аудандарына 2016 жылы 66 млн. теңге, былтыр 77,4 млн. теңге субсидия берілген. Бұл ақша аудандардағы   халық аз тұратын шағын елді мекендерге автобус шығару үшін, жолаушы тасымалына кеткен шығынды  жауып отыру үшін берілген.


Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Әсет Сұлтанов ауданішілік, қалааралық жүйелі жолаушылар тасымалы маршруттарының көбеймей отыруына заңсыз  жолаушы  тасымалдап жатқандардың тигізіп отырған зияны  көп екендігін  айтады. Жолаушы тасымалдаумен заңсыз айналысатын  тұлғалар жолаушыларды алып кететіндіктен, ауылдарға арнайы шығарылған автобустың бос қайтуына немесе бос баруына тура келеді. Арнайы автобуспен жағаласып, жолаушы тасымалымен заңсыз айналысып жүрген жеңіл көліктер ғана емес, он-он бес адамды бірақ отырығызып алатын такси автобустар да көбейген бұл күнде. Жол көлік оқиғаларының көпшілігі жолаушы тасымалымен заңсыз айналысып жүргендердің кінәсінен болады. Қауіпсіздік талаптары сақталмайтын, бірде бар, бірде жоқ болып қалатын, жолаушыны қымбат бағаға тасымалдап, қатты жылдамдықпен жүретін қатынасы тұрақсыз таксилерден қалтаға салмақ салмайтын, жүйелі жолға қойылған автобус сенімді. Аяз күшейген төрт-бес күннен бері салдыр-гүлдір сол таксилердің бәрі тоқтап, ауылдармен қатынас сап тиылды. Былтыр басқарма көлік прокуратурасының бастамасымен бірлесе отырып, заңсыз жолаушы тасымалын тыю мақсатында  бірнеше бағыттағы іс-шаралар жүргізгенімен, нәтижесі нақты көрінбей отыр.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив