KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 0,3 м/с, Ю
480.63 535.13 5.27

2014 жылдың айтулы күндер тізбесінің тұсаукесері өтті

24.02.2014, 18:00 141



Өскемен каласы А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада «2014 жылдың айтулы күндер тізбесінің» тұсаукесері өтіп, оған туған өлкенің қадір-қасиетін, тарихын, мәдени мұрасы мен көркем табиғатын бағалай білетін оқырмандар қатысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Ағымдағы Жылқы жылы аталып өтілетін айтулы күндердің бірқатары ұлттық руханият пен береке-бірлікті жырлаған қазақтың бас ақыны – Абай есімімен тығыз байланысты. Абай Құнанбаевтың тұңғыш кітабының Петербордан жарық көргеніне биыл 105 жыл болса, ол игілікке бірден-бір атсалушы, ақынның төл шәкірті К.Ысқақұлының туғанына – 145 жыл. Ал қазақ тарихында алар орны ерекше қоғам қайраткері, өз заманында қазақ руханиятына барынша қолдау білдірген Құнанбай сұлтанның туғанына – 210 жыл.

Сонымен қатар биыл Абайдың шәкірті, тұңғыш қазақ романдарының бірінің авторы Т.Жомартбаевтың 130, абайтанушы, абыз ақсақал Төкен Ибрагимовтың 75 жасқа толуы, қазақ өнерінің майталмандары Б.Төлегенова мен Р.Есімжанованың, дәстүрлі ән өнерінің шебері әрі жазушы Ж.Кәрменов пен кәсіпқой скрипкашы Ә.Толғанбаевтың және басқа да жерлестеріміздің мерейтойлары аталып өтілмек.

Кеш барысында «Абай» деректі фильмінен көрсетілген үзінділер ақын өмір сүрген орта мен оның әдеби мұрасын тереңірек танып-білуге мүмкіндік берсе, әйгілі әнші Бибігүл Төлегенованың шәкірті, облыстық филармонияның әншісі Г.Қайырбекқызының ұстазы жайындағы естелік әңгімелері мен әнші апамыздың репертуарынан шырқаған әндері шараның шырайын аша түсті. Әсіресе, Шығыстың ғұлама ғалымдары, әкелі-балалы Сәрсен, Алтай Аманжоловтардың халқына қалдырған ғылыми мұралары мен азаматтық тұлғалары туралы профессор Ф.Ахметжанқызының мазмұнды естелігі қонақтар үшін жағымды жаңалық болды.

Секция түрінде жалғасқан тұсаукесер рәсімінде сөз өнерін ерекше қадір тұтқан, халық тағдырына қатысты өзекті мәселелерді шығармашылығына арқау ете білген төкпе ақын Төлеу Көбдіковтың 140 жылдығы, суретші Загрутдин Назыровтың 105 жылдығы, ғалым Шерияздан Елеукеновтың 90 жылдығы, «Шығыстың Мұқағалиы» атанған Хамит Балшабековтың 75 жылдығы екендігі кеңінен сөз болып, Зайсан, Шар, Шемонайха қалалары мерейтойларының және Абай атындағы қазақ драма театрының 80 жылдық тарихына шолу жасалды.

– Бұл шараның басты мақсаттарының бірі – тың естеліктер айтып, ұмыт бола бастаған қадірлі есімдерді тағы бір мәрте ел жадына салу, – дейді шараны ұйымдастырушылар.

Серік Құсанбаев
Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив