2014 жылдың 24 ақпанында Абай атындағы кітапхана төрінде қалалық БАҚ өкілдерінің қатысуымен «Кітапханалық пресс клубтың» тұсаукесері өтті. «Кітапханалық пресс клуб» Шығыс Қазақстан облыстық Абай атындағы әмбебап кітапханасы жанынан құрылып, Абай көшесі 86, мекен-жайы бойынша жұмыс жасайды. Электрондық адресі: semeybib@yandex.kz, сайт semeylib.kz.
Пресс-клубтың алға қойған мақсаты – БАҚ арқылы кітапхана өміріндегі жаңалықтармен, жоспарлармен ақпараттандыру, кітап оқылымын насихаттау.
«Кітапханалық пресс клубтың» беташар сөзін кітапхананы дамыту бөлімінің меңгерушісі Құсмілия Нұрқасым алып, бүгінгі шара төңірегінде, «Мәңгілік ел» идеясы турасында кеңінен түсіндірді.
- Бүгінгі біздің мақсатымыз – қазақ еліне қызмет ету. Кітапхана жұмыстарын журналистер қауымы арқылы жұртқа таныту. Алдымызда келелі оқиғалар тұр. Осыған байланысты сіздермен бірлесе отырып пресс-клуб құрмақшымыз. Барлықтарыңыз сол клубтың мүшесі болып табыласыздар,- деді Қ. Нұрқасым.
Аймағымыздағы атаулы күндер мен айтулы оқиғалар туралы кітапхананы дамыту бөлімінің мамандары: Г. Нұғыманова мен М. Малгаждар таныстырды.
Қазақ үшін кие саналатын жылқы жылы айтарлықтай жаңалықтармен айтулы оқиғаларға толы. Шет жағасына тоқталсақ, биыл «Невада-Семей» қозғалысына – 25 жыл, Абай атындағы қазақ сазды драма театрының негізі қаланғанына – 80 жыл, тері-мех зауытының іске қосылғанына – 85 жыл, Семей ет-комбинатының қосылғанына – 80 жыл, тарихи басылым «Семей таңы» газетінің жарық көргеніне – 95 жыл толмақ.
Сонымен қатар, мерейгерлердің атаулы күндері де назардан тыс қалмақ емес. Атап өтсек, халық ақыны Төлеу Көбдікке – 140 жыл, әнші, сазгер, қаламгер Жәнібек Кәрменовтің туғанына – 65 жыл, КСРО халық әртісі Бибігүл Төлегенованың туғанына – 85 жыл, ғалым, академик Қ. Сәтбаевтың туғанына 115 жыл толады. Сондай-ақ жазушы Төкен Ибрагимовтың, Дәулет Сейсенұлының туған күндері де биыл айтарлықтай аталып өтпек.
Арғымақ жылдың айтарлықтай датасының бірі – Құнанбай қажы Өскенбайұлының туғанына 210 жыл толады екен. Осыдан 10 жыл бұрын елеусіз ғана өткен Өскенбайұлының биылғы асын Алаш болып атқарсақ деген аталы сөз айтылды.
Еліміздің әдебиеті мен мәдениетіне, тарихына зор еңбек сіңірген тұлғаларымыздың ерен есімдері ел есінде сақталып, ұрпақ жадында жатталып қалуын басты бағыт етіп ұстанған клуб жұмыстарына журналист қауым белсене қатыспақ ниетте екендіктерін білдірді. Өз төрағасын сайлады.
Аймақ бойынша тұңғыш рет құрылған «Кітапханалық пресс клуб» өз бағдарламаларымен әр облысқа сапарға аттанбақ.