KZ
Өскемен
-1°
плотный туман жел 1 м/с, С
480.61 534.53 5.28

Шығыс ауылының проблемасын бірлескен комиссия тексеретін болды

23.05.2013, 18:00 111


Өскеменнің іргесінен бой көтерген Шығыс ауылының тұрғындары шешімін таппай жүрген мәселелерін көлденең тартып, облыс басшылығына шықты. Олардың қойып отырған талабы – «Шығысэнерготрейд» ЖШС алдындағы қарызды қайта қарау және тұрғын үйлерге электр қуатын бер, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Естеріңізге салсақ, бұл қоныста негізінен «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы атажұртына көшіп келген қандастарымыз тұрады. Жергілікті билік оларға арнап жаңадан салынған Шығыс ауылында мектеп, балабақша, дәрігерлік амбулатория сияқты әлеуметтік нысандар тұрғызып, қажетті инфрақұрылым тартып берген-ді.

Алайда, бір назар салатын жайт, мұндағы үйлердің барлығы электр энергиясымен жылынатындықтан тұрғындардың қалтасына ауыр салмақ түсірген. Ағайындардың көңілін алаң етіп, аймақ басшысына тура шығуға бекіндірген де осы мәселе екен.

Қазіргі уақытта елді мекендегі 41 отбасының әрқайсысының қуат көзіне алты айдан бергі жиналған қарызы 300 мың теңгеден асып жығылады. Сол себепті энергетиктер берешек иелерін алдын ала құлақтандырып, төлемдерді қайтару жөнінде ескерткен. Кейіннен 22 мамыр күні ШҚ АЭК мамандары «Шығысэнерготрейд» ЖШС-нің тізімі бойынша 170 үйдің жарығын сөндірген. Олардың жалпы қарыз көлемі 46 миллион теңгені құраған.

Бұл жағдайға наразылық білдірген шығыстықтар жиналып, мәселені шешіп беруді талап еткен. Олармен сөй-лесу үшін ауылға Өскемен қалалық әкімдігінің өкілдері дереу келген. Бірақ қандастарымыз облыс басшысымен ғана сөйлесетіндерін айтып, жүз қара-лы адам қалаға тартып отырды. Ал құқық қорғау органдарының қызметкерлері болса, адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қоғамдық тәртіпті сақтауға әрекет етті.

– «Шығысэнерготрейд» серіктестігі қалай есептеп отырғандарын білмедік, әйтеуір, әр үйге ай сайын келетін түбіртекте көрсетілген төлемдердің ең кемі 60-70 мың теңгеден айналған. Өткен қыста кішкентай балаларым тоңып қалмасын деп аязды күндері он төрт теплофонды қосып отырдым. Сол кезде біраз электр қуатын тұтынғаным рас. Ал енді биыл қыста теплофонның жетеуін ғана қосып, үнемдеуге тырыстым. Бірақ мұным бекер екен, биылғы тұтынған қуатым былтырғыдан екі есе көп болып шықты. Бұны қалай түсінуге болады? Азаматы бар отбасылардың өздері осынша мол ақшаны төлей алмай жатқанда төрт баланы жалғыз өзім әрең асырап отырған мен сияқты жалғызбасты аналар не істемек? Әрине, былтыр жергілікті билік қарыздың біраз бөлігін жабуға көмектесті. Оған ризамыз. Дегенмен жергілікті басшылық осы мәселені тексеріп, қарыздарды қайтадан қарап берсе деген талабымыз бар, – дейді жалғызбасты ана Жайнагүл Хавдос.

Аймақ басшысына арыздарын айтпақ болған ағайындармен кездесуге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыс прокуроры Бағбан Тайымбетов, облыстық ІІД-нің бастығы Рашид Жақыпов және басқа лауазым иелері шықты.
Бұдан кейінгі жиын Шығыс ауылындағы мектептің акт залында жалғасын тапты. Облыс басшысы қатысқан жиында қарызға белшеден батқан қандастарымыз мұң-мұқтаждарын айтып, көмектесуді сұрады.

– Электр қуатын көп тұтынатын себебіміз, үйлер қыста суық, ешқандай жылу ұстамайды. Аязды күндері бүрісіп бір бөлмеде отырамыз. Сондықтан теплофондарды үздіксіз қосуға тура келеді. Оның өзінде жылыта алмайды. Мердігер мекемелер үйлердің қабырғаларын салғанда жұқа құрылыс материалдарын пайдаланғаны көзге ұрып тұр. Бұл қабырғалар есікті ашып-жапқан сайын дірілдеп, құлап түсетін секілді. Өткен қара күзде электр желісінің тұйықталу салдарынан өрт шығып, жарты сағаттың ішінде үйдің түгі қалмай жанып кетті. Біз сонда мұндай сапасыз үйге не үшін ақша төлеуіміз керек? – деп сауал тастады ауыл тұрғыны Жанболат Мұрат.

Қалалық әкімдіктің қызметкерлері мәлім еткендей, 2011-2012 жылдары бюджет қаражаты есебінен 78 миллион теңге мөлшерінде ақша бөлініп, Шығыс ауылы тұрғындарының тиісті кәсіпорын алдындағы электр энергиясына қарызы қайтарылған болатын.

– Көтерілген проблемаларға байланысты құрамында жергілікті ауылдың адамдары мен тиісті саланың өкілдері бар 10-15 адамнан тұратын бірлескен комиссия құрып, тексеру жұмыстары жүргізіледі. Комиссия мүшелері баспаналардың сапасынан бастап электр энергиясының қарызы, жұмыспен қамту тәрізді түйткілдердің бәрін қаперге алады. Нәтижесінде аталған мәселелер еліміздің қолданыстағы заңнамалары аясында өзінің шешімін табады, – деп атап көрсеткен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шығыс ауылы ешқашан өңір басшылығының назарынан шет қалмайтынын қадап тұрып ескертті.

Сонымен қатар облыс әкімі тиісті орындардың басшыларына жиында айтылған кейбір жеке мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, олардың алдағы уақытта шешілуін қадағалап отыратынын жеткізді. Ал көкейлеріне түйген түйткілдерін тарқатып, өңір басшысының алдында арыз-армандарын ашып айтқан ағайындарымыз ай мен күннің аманында жарықты сөндіріп, дүйім жұрт-ты дүрліктірген «Шығысэнерготрейд» дейтін компанияның екінші рет мұндай әрекетке баруына облыс басшылығы жол бере қоймас деген сеніммен тарқасты. Оған да себеп жоқ емес, осы күні кешқұрым облыс әкімінің тікелей араласуымен ауылдың әр үйіне электр қуаты берілген болатын.

Серік Әбілхан

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив