KZ
Өскемен
+25°
ясно жел 2 м/с, В
467.29 501.03 5.35

Облыс Әкімі Бердібек Сапарбаев тікелей эфирде есеп берді

23.02.2012, 18:00 430


Облыс басшысы елімізде алғашқы болып тікелей эфир арқылы есеп берді. Есепті кездесу Семей қаласында онлайн режимде өткендіктен, жақын маңдағы аудандардан келе алмаған жұртшылық сұрақтарын тікелей эфир арқылы беру мүмкіндігіне ие болды. «Қазақстан-Семей» телеарнасы мен «ОТАU ТV» спутниктік телеарнасының қала көшелерінде орналасқан LED экрандары арқылы жиын тікелей эфир арнасында көрсетіліп жатты.

Сондай-ақ, аймақ басшысының баяндамасы да жаңаша сипатта жасалды. Ағымдағы жылы өңір экономикасын дамытудың перспективалары, басты міндеттер баяндаманың негізгі арқауына айналды. Аймақ басшысы барлық деңгейдегі әкімдердің есепті кездесулерінде тұрғындар тарапынан сұрақтардың азайғанын, бұл – атқарушы билік органдарының өзекті мәселелерді жергілікті жерде шешуге ден қойғанының нәтижесі екенін атап көрсетті.
– Жалпы аймақтық өнім бір триллион 400 миллиард теңгеден асып жығылды, – деді Бердібек САПАРБАЕВ. – Яғни, облыстың әрбір тұрғынына шаққанда шамамен 7 мың АҚШ долларын құрайды, бұл – осыдан он жыл бұрынғы межеден
5 есе артық.
Аймақ басшысының айтуынша, Семей өңірі ауылшаруашылығы өнімінің жартысын өндіріп отыр, әрі үлкен шикізаттық әлеуетке ие.
Индустрияландыру картасы бойынша өткен жылы 16 миллиард теңгенің 9 жобасы жүзеге асырылған. Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері 155 миллиард теңгенің 21 жобасы орындалыпты. Осының нәтижесінде 2,5 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды.
– Бұл бағытта біз Индустрияландыру картасы аясындағы жобаларды іске асыруда қол жеткізген қарқынды сақтап, олардың жобалық қуатына жету-ін тездетуіміз қажет, – деп атап өтті облыс Әкімі. – Өкінішке қарай, Семейдің Индустриялық аймағы әлі іске кіріспей жатыр.
Индустриялық жобаларды енгізу бо-йынша Абай, Бородулиха, Бесқарағай, Үржар, Тарбағатай аудандарының жұмысы тым сылбыр.
Энергетика жайын сөз еткен Бердібек САПАРБАЕВ біздің энергия тапшылығын өз күшімізбен жоя алатынымызды қадап айтты, бүгінгі таңда өңірдегі электр қуатының жетімсіздігі 1,4 миллиард кВт/сағатты құрайды. Қолда бар жобаларды іске қосуды, жаңаларын әзірлеуді белсенді түрде жүргізген жөн, мәселен, Бұлақ су-электр стансасының құрылысын бастап, инвесторларды тарту қажет.
Ауылшаруашылығын дамытудың ауқымды жоспарлары жасалып отыр. Айталық, кем дегенде 7 мыңнан астам асыл тұқымды мал басы сатылып алынбақ. Өңірдегі ірі қараның санын 750 мыңға дейін жеткізіп, ет өндіруді тым құрығанда 11 пайызға арттыру керек, сонымен қатар сүт өнімдерін шығаруды да біршама ұлғайтуға тиіспіз. Әкім облыстық ауылшаруашылығы басқармасына басым бағыттарды дамытудың нақты жобаларын әзірлеуді тапсырды.
Аймақ басшысы шағын және орта бизнес нысандарын дамытуға үлкен көңіл бөлді. Бұл мәселелер, әсіресе, экономистер болжап отырған екінші экономикалық дағдарыстың қарсаңында өте өзекті.
– Шағын және орта бизнесті дамыту жаңа жұмыс орындарын құрумен тікелей байланысты, – деп атап өтті облыс Әкімі. – Біз оқытудың тиімді жүйесін құруға, жұмыспен қамтуға қолдау білдіруге, қазақстандық үлесті ұлғайтуға, салықтық түсімдерді көбейтуге күш саламыз. Об-лыста техникалық және кәсіби білім бе-руді дамыту жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. Өткен жылы «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы іске қосылды.
Кәсіпкерлікті өркендету үшін ауылдық жерлерде бизнестің негіздері үйретіліп, 587 шағын несие берілген. Бағдарламаның барлық бағыттары бо-
йынша шамамен 5 миллиард теңге игерілді. Ағымдағы жылы 13 мың жұмыс орны құрылып, 8,5 мың адам қайта оқытудан өтеді. 1280 адам шағын несие алады, бюджетте бұл мақсатқа алты миллиард теңге қарастырылған.
«Жол картасы» бағдарламасын орындау жалғасуда. Осы жылы 161 жоба іске асырылады, екі мыңнан астам жұмыс орны құрылады.
Қаржының негізгі көздері, еңбек ресурстары Өскемен мен Семей қалаларында шоғырланғаны жасырын емес. Аудандар болса негізінен шикізаттық, ауылшаруашылық бағытына ие. Осы жылы әрбір өңірдегі ірі ауыл-дарды дамытуға басты мән беріліп отыр. Кейін олар аудандардың өзге аумақта-ры үшін «локомотив» рөлін атқарулары тиіс. Бұл үшін бюджеттен 635 млн. теңге бөлінген.
Маңызы жағынан екінші орын алатын мәселе облыстың барлық елді мекендеріндегі инженерлік желілердің әбден тозығы жеткені.
– Қазір біз Первомайка, Серебрянка, Черемшанка кенттерінің мәселелерін шешіп жатырмыз, – деді облыс Әкімі. – Олар қала құрушы кәсіпорындар әрекетінің «құрбаны» болып отыр. Бұл кәсіпорындар бойынша үкіметтік деңгейдегі жұмыс топтары құрылуда. Мәселелер шешімін табатын болады. Жылу желілерінің тозу дәрежесі облыс бойынша 70-90 пайызды құрайды. Осының салдарынан бір жылда 30-дан 180-ге дейін апаттық жағдайлар орын алып жатады. Семей, Курчатов, Зырян, Серебрянка елді мекендерінде жылумен қамту бойынша кедергілер бар. Сумен қамту желілері де дәл осындай жағдайда.
Аймақ басшысы Семей қаласының тұрғындарын коммуналдық берешек-терді өтеуге шақырды. Жалпы облыстық берешектегі семейліктердің үлесі 70 па-йызды құрайды екен.
– Егер үйлерімізде жылу болсын десек, коммуналдық қызметтің ақысын мерзімінде төлеп тұруға тиіспіз, – деп атап өтті Бердібек САПАРБАЕВ.
Семейде және облыста баспана мен әлеуметтік маңызды нысандар құрылысын жүргізу мәселесін көтере отырып, аймақ басшысы аудандар мен ауылдық округтер әкімдерін әрбір жобаның барлық қажетті құжаттарын әзірлеуге өздері жауапты екендіктерін ескертті.
Аудандар арасындағы көліктік тасымал мәселесі де назардан тыс қалмады. Бесқарағай, Абай, Бородулиха аудандарында бірде-бір ауданішілік мар-шрут жоқ. Мұның зардабын тұрғындар тартып отыр, олар заңсыз жолаушы тасымалдаушылардың ақысы өте қымбат қызметін тұтынуға мәжбүр. Семейде қалалық маршруттарға қызмет көрсету құқығын беретін байқау өткізілмеген. Бірқатар қалалық маршруттарда сағат кешкі сегізден кейін автобустар қатынамайды. Барлық әкімдерге осы мәселелерді тез арада шешу міндеті жүктелді.
Білім беру мен денсаулық сақтау саласының мәселелері әркімге болсын етене таныс. Бердібек САПАРБАЕВ семейліктерді өткен жылы қол жеткізілген табыстармен таныстырды. Заманауи медициналық құрал-жабдықтарды сатып алуға бюджеттен 2,6 миллиард теңге жұмсалған. Десек те, білікті медициналық мамандар жетіспейді. Бұл іспен айналысу облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен медициналық университет мамандарына жүктелді.
Білім берудегі өткір мәселелердің бірі – апаттық мектептердің көптігі (олардың саны – 43) және бүлдіршіндердің мектепке дейінгі біліммен толық қамтылмауы. Біздің аймақта балабақшамен қамтылу республикалық көрсеткіштен жоғары – 86 пайыз. Мәселе де жоқ емес. Осы жы-лы апаттық мектептердің орнына 26 жа-ңа мектепті іске қосу және балабақшалар санын арттыру жоспарланған. Балалар бақшалары жаңадан салынады, бірқатары жеке меншіктен мемлекет қарамағына қайтарылады. Сондай-ақ, мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында да жаңа бақшалар ашылады. Бұл орайда Семей көшбасшы болып саналады, ондай тәрбие беру мекемелері қалада табысты жұмыс істеп жатыр.
Балалар арасындағы қылмыс, олардың бақылаусыз қалуы, ішкілікке салыну мен нашақорлық, өзіне-өзі қол жұмсау санының артуы – бұл мәселелер қазіргі кезде бүкіл қоғамды алаңдатуда. Бұл жайттарға облыс Әкімі жіті назар аударды, қоғамдық бірлестіктерді осы түйткілдерді тарқатуға белсене қатысуға үндеді. Тығырықтан шығудың бір жолы – жас ұрпақтың салауатты өмір салтына, бұқаралық спортқа деген әуестігін арттыру. Ол үшін барлық жағдайлар жасалуда. Көптеген спорттық нысандар ашылып жатыр, осы бағытта мақсатты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз қажет. Спорт және туризм басқармасына барлық спорттық ғимараттардың қолжетімділігі мәселесімен шұғылдану міндеті жүктелді.
Күн тәртібінде тұрған көкейтесті мәселенің бірі – азық-түлік бағасының өсуі. Облыс Әкімі өңірде тұрақтандыру қоры құрылғанын айтты, бюджеттен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын сатып алу үшін бір жарым миллиард теңге бөлінген. Бағаға бақылау орнату ісіне қоғамдық ұйымдар мен ардагерлер кеңесі жұмылдырылған. Баға жөніндегі ақпарат облыс Әкімінің сайтына апта са-йын салынып тұрады.
Баяндама аяқталған соң тұрғындар-дың сауалына да кезек жетті. 2011 жылы есептік кездесуде тұрғындардан 60 сұрақ түскен-ді, олардың 49-ы оң шешіліп, 11 проблемалық сауал аймақ басшысының жеке бақылауына алынған. Биыл да сұрақтар аз болған жоқ. Өз сауалын ауызша қойып үлгермеген азаматтар жазбаша түрде хатшылыққа тапсырып жатты. Біз кездесу барысында залдан қойылған кейбір сұрақтар мен оларға берілген жауаптарды жариялап отырмыз.
Ешбір сұрақ ескерусіз қалмайды

«Поколение» қоғамдық бірлестігі-нің өкілі, Семей:
– Семейде соңғы 15 жылда бірде-бір медициналық мекеме ғимараты салынған емес. Тек онкологиялық диспансердің құрылысы ғана ұзақ жылдар тұралап барып, аяқталды. Ауруханалар қашан салынатын болады? Бүйрек және офтальмология орталықтарының жағдайы мені қатты алаңдатады. Менің ойымша, аталмыш мекемелерді жекешелендіру барысында заң бұзушылыққа жол берілген. Олар енді мемлекет меншігіне қайтарыла ма?
– 2012 жылы Семейдегі 300 орынға шақталған көпсалалы аурухананың басталған құрылысы жалғасын таппақ. Балаларға арналған өкпе дертіне қарсы аурухананың құрылысы қолға алынады. Семейде салынатын келесі бір денсаулық сақтау нысаны – онкологиялық диспансер жанындағы радиология орталығы құрылысының үшінші кезеңі. Ал бүйрек және офтальмология орталықтары жө-нінде айтар болсақ, олардың жекеше-лендірілуі мәселесі қазіргі кезде құқық қорғау органдарының бақылауында тұр.
Рысбек Дүйсекеев, облыстық мәслихаттың Аягөз ауданы бойынша депутаты:
– Аягөз қаласында он орта мектеп бар. Соның үшеуі апаттық жағдайда. Бала санының өсуіне байланысты мектептер таршылық ете бастаған. Жаңа мектептің құрылысына, апатты үш мектепті жөндеуге қаржы бөлуге ықпал етуіңізді сұраймын.
– Біз білім ордаларын жөндеу жұмыстарын осы жылы жүргіземіз. Жаңа мектеп салу бойынша Үкіметпен жұмыс істеп жатырмыз. Егер республикалық бюджет нақтыланып жатса, мектеп құрылысының жобасын соған енгіземіз.
Петр Надеев, жеке кәсіпкер, Курчатов қаласы:
– Курчатовтың жылумен қамту жүйесі қалыпты жұмыс істеуі үшін жаңа жылу-энергия орталығы, не болмаса қазандық қажет. Аталмыш нысандардың құрылысы қарастырылған ба?
– Мен бұл мәселенің мән-жайына біршама қанықпын. Былтыр №4 қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілген-ді, қазір қалада жылу жеткілікті мөлшерде, дей тұрғанмен болашақ жылу-энергия орталығының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірлену үстінде. Құжаттардың бәрі дайын болған соң-ақ біз қаржыландыру көзін іздестіруді бас-таймыз.
Бейсенғазы Тастекеев, Ертіс брой-лерлік құс фабрикасының директоры:
– Семей өңірінде құс етін өндіру кластерін құруға қажет барлық жағдайлар бар. Алайда бұл бағытты дамытуға инкубатор аппараттарының жоқтығы кедергі келтіруде. Осыған орай, Сізден инкубациялық жұмыртқа өндірісін ашуды жоспарлап отырған «Племптица» ЖШС-не қолдау көрсетуіңізді сұраймыз.
– Бұл – дер кезінде әрі өте дұрыс көтеріліп отырған мәселе. «Семей құс» ЖШС өз бейінін өзгертуіне байланысты облыста жұмыртқа бағасы қымбаттай
бастады. Семейлік кәсіпкерлерден жұ-мыртқа өндірісін құру туралы бірнеше ұсыныстар келіп түсіп те жатыр. Жалпы осы кластерге міндетті түрде «Жұмыспен қамту–2020», «Бизнестің жол картасы–2020» және өзге де түрлі бағдарламалар бойынша қолдау көрсетілетін болады.
Зейнегүл Уәйісова, батыр ана, Семей қаласы:
– Мен 1997 жылы Знаменка ауылынан көшіп келдім, содан бері үй сұрап жүрмін.
– Баспана мәселесінің көпшілікті алаңдатып отырғаны жасырын емес. Тек осы Семейде 5 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр. Баспана берудің өз заңдылығы бар. Сондықтан қазір осында қала әкімі отыр, бұйымтайыңызды сол кісіге айтыңыз.
Вячеслав Харченко, оқытушы, омарташы, Бесқарағай ауданы:
– Аудандағы кәсіби оқу орындарынан жалғыз кәсіби-техникалық лицей ғана қалды. Бірақ, оның жатақханасы мен асханасы болмай тұр. Жастардың көбі мамандық алу үшін қалаға аттанады да, сонда жұмысқа орналасып, тұрақтап қалады. Біз осылайша кәсіби мамандардан айырылып жатырмыз. Кәсіби лицейге арнап бір жатақхана салып беруге бола ма?
– Қаржы табылса, салып беруге әбден болады. Мен білім басқармасының мамандарына аталмыш мәселені зерделеп, оны шешудің жолдарын қарастыруды тапсырамын.
Бақыткерей Мұсажанов, Жарма ауданындағы «Теньши» ЖШС-нің директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:
– Жаңғызтөбе кентінде мәдениет үйі жоқ. Оның құрылысын 2014 жылы бастау жоспарланған, тұрғындар тілегін ескере келіп, Сізден аталған нысанның құрылысын үстіміздегі жылдың жоспарына енгізуге ықпал жасауыңызды сұраймыз.
– Егер біздің қаржылық мүмкіндігіміз болса, нысан құрылысына осы жылдың екінші жартысында қаржы бөлеміз.
Абай ауданы, Саржал ауылының тұрғыны:
– Сіз іссапармен ауылымызға келгенде мектептің құлағалы тұрғанын көргенсіз. Жөндеуге жарамайтынын, жаңа мектеп салу керек екенін айтқансыз. Осы мәселе қалай шешілуде?
– Саржал ауылына жаңа мектеп салынады. Қазір құрылыстың құжаттары да-йындалуда. Олар әзір болғанда, құрылыс жұмыстарына қаржы бөлеміз.
Рамазан Құрманбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Бородулиха ауданы (селекторлық режим арқылы):
– Аудандағы электр желілері әбден ескірген. Оларға жөндеу жүргізудің мүмкіндігі бар ма?
– Бұл – шешімін күткен түйткілді мәселелердің бірі. Жобалық-сметалық құжаттамаларды әзірлеп, сараптама жасаңыздар, бұл проблеманы Шығыс Қазақстан аймақтық электр компаниясымен бірлесе отырып шешетін боламыз.
Нұрлан Танаубаев, «Нұр Отан» партиясы Абай аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Қарауыл – Семей автомобиль жолына былтыр жөндеу жүргізілген болатын. Ол жұмыстың сапасы сын көтермейді. Қазіргі кезде онымен қалыпты жүру мүмкін болмай тұр. Осы жолдың мәселесі қашан шешіліп, олқылықтар жойылады?
– Өткенде Қарауылда болғанда бұл сауалға жауап айтқан болатынмын. Жөндеу жасаған мердігердің өз міндеттемесі бар, ол бойынша компания жіберген кемшіліктерді бір жылдың ішінде жоюы тиіс. Сол құжаттың негізінде көктемнен
бастап біз жолды қайта жөндетеміз.
Нәзира Ыдырысова, Борас орта мектебінің жас маманы, Бесқарағай ауданы:
– Шағын комплектілі мектептерде мұғалімдер жарты мөлшерлемемен жұмыс істейді де, тиісінше аз жалақы алады. Сол себепті, жоғары оқу орындарында бұрынғыдай физика-математика мұғалімі немесе тарих-география мұғалімі секілді қос мамандық қатар берілсе, жақсы болар еді. Келесі сауалым – «Дипломмен – ауылға» бағдарламасын үйлестіретін мамандар бар ма?
– Қос мамандық беретін оқу орындары болу керек, біз Білім министрлігі арқылы нақтылап, бұл сұраққа жауап береміз. Облыстық білім басқармасында осы салаға қатысты барлық бағдарламаларды үйлестіруші тиісті мамандар бар.
Валентина Хорошилова, Семейдегі жалғызілікті зейнеткерлерге қызмет көрсететін аумақтық орталықтың қамқорлығындағы адам:
– Сізді өткен жылдың қорытындысы бойынша «Ең үздік облыс Әкімі» атағын алуыңызбен құттықтаймын! Біз Сіздің қаншалықты қажырлы әрі тиімді еңбек етіп жүргеніңізді көріп жүрміз, сол үшін Сізге зор ризашылығымды білдіремін. Десек те, атқарушы биліктің бақылауын талап ететін мәселелер әлі де баршылық. Солардың бірі – дәрі-дәрмек бағаларының негізсіз қымбаттауы. Екінші түйткіл – пәтер иелері кооперативтері жұмысындағы кемшіліктер. Біздің ойымызша, соңғы мәселені заңдық деңгейде шешетін уақыт жеткен секілді.
– Ақжарма алғысыңыз үшін мың да бір рақмет! Дәрі-дәрмек бағалары бақыланып отырады. Міне, бірнеше жыл қатарынан облыс әкімдігі мен дәрі-дәрмекті көптеп сататын фирмалар, дәріханалар арасында 200 түрлі дәрілік заттың бағаларын ырықтандыру туралы меморандум жасалып келеді. Биыл бұл құжатқа өңіріміздегі 100 дәріхана қол қойды. Өкінішке қарай, меморандум шарттарын дәріхана иелерінің барлығы ұстанбайды. Сол себепті денсаулық сақтау басқармасы осы жайттарға мұқият бақылау жүргізеді.
Пәтер иелерінің кооперативтері жөнінде тағы да қайталап айтамын – бұл қоғамдық ұйым, атқарушы билік оның жұмысына араласуға құқылы емес, қандай жағдай орын алып жатса да. Рас, өткен жылы тұрғын үй инспекциясы құрылған болатын. Және біз осы органның ерекше жағдайларда ПИК-тер жұмысын реттеуге құқылы болғанын қалаймыз, соған қол жеткізуге тырысып жатырмыз.
Қияш Тілеуов, Үржар ауданы:
– 2008 жылы басталған Алакөл жағасын бекіту жұмыстары аяқталмай отыр. Соған көмек көрсетуіңізді сұраймыз.
– Мәселеңізді ескереміз.
Николай Нестерчук, «Гидропромстрой» акционерлік қоғамының директоры, Шүлбі кенті:
– Жиырма жыл бойы айтылып келе жатқан Бұлақ су-электр стансасының құрылысы мәселесін мықтап қолға алатын уақыт жетті. Сонымен қатар, қаржы үнемдеу мақсатында Шүлбі мен Семейдің электр желілерін қосатын бір жарым шақырымдық жалғастырғыш салуды ұсынамын. Бұл электр қуатын қазіргідей бірнеше шақырымдық желілермен емес, төтесінен жіберуге мүмкіндік бермек, нәтижесінде тұтынушыға жететін энергия құны арзандай түседі.
– Бұлақ су-электр стансасын салу жөнінде бір топ маман ел Үкіметімен жұмыс істеуде, қазірдің өзінде бұл бағытта бірқатар келісімдерге келіп отырмыз. Ал сіздің ұсынысыңызға келер болсақ, ол өте қызықты екен. Мамандарға мәселенің мән-жайына қанығып, іс-қимыл жоспарын әзірлеуді міндеттеймін. Егер бұл идея расында да тиімді болса, жүзеге асырған жөн.
Нұрланбек Жоламанов, Аягөз аудандық мәслихатының депутаты:
– 2011 жылы Сіздің қолдауыңызбен Аягөз – Баршатас жолы қалпына келті-рілген еді. Алайда, аталған жолдың 30 шақырымдай жері жөнделмей қалғанды. Сол жұмыс аяқтала ма?
– Аягөз – Баршатас жолын жөндеу жұмыстары биылғы жоспарға енгізілген, жөнделеді.
Нұрланбек Тоқтаров, Аягөз қаласының тұрғыны:
– Аягөз қаласында 500 адам пәтер алу кезегінде тұр. Олар баспанаға қашан қол жеткізеді? Елді мекенде үйлер салына ма екен?
– Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы әзірлену үстінде. Онда қалалар мен аудандарда жалдамалы және несиелік үйлердің құрылысы қарастырылған. Бұл бағдарлама алдағы жылдары осы мәселені шешуге септігін тигізбек. Сондай-ақ, біз Аягөз қаласын шағын қалаларды дамыту бағдарлама-сына енгіздік. Соған сәйкес қосымша қаржы бөлінеді, сол кезде біз үй құры-лысын жүргізуді қарастырамыз.
Бекен Теміров, Семей қаласы тарихи-өлкетану мұражайының директоры:
– Біздің мұражайда 105 мың жәдігер мен құжат бар, соның екі мыңы ғана көрмеде тұр, қалғаны қоймада сақтаулы. Ғимаратымызды кеңейтуге қолдау білдірсеңіз екен.
– Мен сіздерге арнайы сараптама жүргізу үшін мамандарды жіберемін, бір келгенде өзім де мұражайларыңызға барамын, мәселені жан-жақты қарастырамыз.
Орал Мұсабеков, Жезкент кентіндегі №2 орта мектептің директоры, Бородулиха ауданы:
– Облыстық маңызға ие Бородулиха – Жезкент тас жолына жөндеу жүргізі-луін сұраймыз.
– Жуырда ғана облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасында меморандумға қол қойылды, сол құжатта аталмыш мәселе де қарастырылған. Жөндеу жұмыстары биыл көктем шыға
басталуы тиіс.
Курчатов қаласының тұрғыны:
– Курчатов қаласындағы «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша салынған үй бос тұр. Сол пәтерлерге баспанаға аса зәру болып жүрген қала тұрғындарын орналастыруға бола ма?
– Бұл – өте мыңызды әрі өткір мәселе. Өскемен мен Курчатовта «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша оралмандарға үйлер тапсырылған болатын. Бірақ алыс-тан келген ағайындар арасында оларға қоныстануға ниет білдірушілер табылмай тұр. Қазір біз Үкіметтің алдына осы үйлерді «Нұрлы көш» бағдарламасынан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарлама-сына ауыстыру туралы мәселе қойып
отырмыз. Егер солай болып жатса, пәтер-лерді баспанаға мұқтаж тұрғындарға беруге болады.
Омар Жұмағалиев, І.Жансүгіров атындағы мектептің оқушысы, Үржар ауданы:
– Өзіңіз Үржар – Алматы әуе рейсін іске қосқан едіңіз. Ол рейс, өкінішке қарай, тоқтап қалды. Біз болашақ студентпіз ғой, сондықтан Сізден осы рейсті қайтадан ашуға көмектесуіңізді сұраймыз.
– Қазір мұнымен тиісті басқарма айналысып жатыр, бұйырса, ол рейсті қайтадан іске қосамыз. Бұл рейстің, әсіресе, студенттер мен демалушыларға аса қажет екені де түсінікті. Ары кетсе, мамыр-маусым айларында рейсті қайтадан ашамыз.
Юрий Ковязин, Бородулиха аудандық мәслихатының депутаты:
– Воскресеновка – Байтанат автокөлік жолы жөндеу жүргізуді талап етеді, осы мәселені шешуге көмектесуіңізді сұраймын.
– 2012 жылға арналған бюджетте бұл тас жолды жөндеуге қаржы қарастырылған болатын, көктем шыға мердігерлер жөндеу жұмыстарына кіріседі.
Юлия Русинова, Семей қаласының тұрғыны:
– Облыс қаржылық дағдарыстың жаңа толқынын қарсы алуға қалай әзірленіп жатыр?
– Біз дағдарыстың бір толқынын бас-тан өткердік, сондықтан тәжірибеміз жоқ емес. Елбасының тапсырмасына сай әрбір өңір мүмкін болар дағдарысқа дайындықтың өз бағдарламасын әзірледі. Біздің бағдарлама негізінен тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуды көздейді. Облыста 9 ірі өндіріс орны салынуда, оларда 5 мыңнан астам адам еңбек ететін болады. Мұнымен қоса, «Бизнестің жол картасы –2020», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламалары бар, олардың аясында әлеуметтік жұмыс орындарын құру, жастар іс-тәжірибесін және қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру ісі жүріп жатыр.
Семей қаласының тұрғыны:
– Семейдің шеткері аудандарындағы жер үйлерді біртіндеп жылу жүйесіне қо-су мүмкіндігі бола ма?
– Сұрағыңыз өте дұрыс. Бірақ, біріншіден, көпқабатты үйлердің жылу мәселесін толық шешуіміз керек. Біз қазір соған жұмыс істеп жатырмыз. Содан кейін Семейдің төңірегіндегі шағын елді мекендерді жылумен қамтамасыз етуді қолға аламыз.
Әсет Төлеу, Бесқарағай аудандық мәслихатының депутаты:
– Ауданымыздағы Мостик ауылының мектебі ескі. 2010 жылы көршілес Черемушки ауылындағы мектептің жабылуына байланысты осы ауылдың оқушылары Мостиктегі ескі мектепте оқиды. Келешекте ауылда жаңа мектептің құрылысы бастала ма? Осы елді мекеннің тұрғындарын таза сумен қамту мәселесі шешіле ме?
– Аудан әкіміне, облыстық білім басқармасына тапсырма беремін. Мектептің қазіргі жағдайын зерттеу керек. Егер ол ауылда бала саны өсетін болса, мектеп апатты жағдайда болса, оқу орнын саламыз. Елді мекенді «Таза су» бағдарламасына енгізу керек, сонда қаржы бөлінеді.
Бағдат Түсеев, ФИФА төрешісі, Семейдегі футбол жанкүйерлерінің өкілі:
– «Спартак» командасына қаржылай көмек көрсетуіңізді сұраймыз, себебі команданың футболшылар алдында 2009-2010 жылдар үшін жалақы бойынша берешегі бар. Сонымен қатар, «Спартак» стадионы күрделі жөндеуді қажет етеді. Биыл Қазақстан футболының 100 жыл-дығы аталып өтеді, сол кезде қонақтарды тозығы жеткен стадионда қарсы алсақ, ұят болады ғой.
– Әкімдіктің жуырда өткен мәжілісінде біз облыстағы футболдың даму мәселесін қарастырдық. Бірінші кезекте, жастардың жаттығуына қажетті жағдайлар жасалу керек. Әрине, біз ел футболының мерейто-йын да атап өтетін боламыз. Осыған орай, қазіргі кезде осы айтулы мереке аясын-дағы іс-шаралар бағдарламасы әзірленуде. Мен Семей жұртшылығы алдында стадионды жөндеуге қаржылық қолдау білдіріледі деп уәде еткен болатынмын. Бүгінгі таңда бұл мәселе шешімін тауып отыр. Ал футбол командасының қаржылық қиындықтары жөнінде айтар болсақ, бұл істі қала өз мойнына алуы тиіс. Мәселен, облыс орталығындағы «Восток» командасын Өскемен қаласы қаржыландырады. Сондай-ақ, футболшыларға демеушілік көрсетуге семейлік кәсіпкерлерді де тартқан жөн.
Анатолий Романов, Бородулиха ауданы:
– Бородулихада сумен қамту қызметін көрсету бойынша коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын құрылған. Қалыпты жұмыс істеу үшін кәсіпорынға материалдық-техникалық база қажет. Облыс бюджетін нақтылау кезінде сол базаны құру үшін қаржы бөлуді қарастыруыңызды сұраймыз.
– Ережеге сай барлық коммуналдық кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасын нығайту тиісті ауданның есебінен жүргізілуі керек. Мен аудан әкіміне қаржы тауып, кәсіпорындарыңыздың материалдық базасын нығайту жөнінде тапсырма беремін.
Әзімбек Иманбаев, Семей қаласы:
– Ауылдарда мал басы өсіп келеді, соған орай жүн-тері қабылдайтын мекемелер ашыла ма?
– Бүгінгі таңда үш сервистік-дайындау орталығы бар, биыл тағы бесеуін ашамыз. Сол үшін бюджеттен 200 миллион теңге беріп отырмыз.
Шекара әскерінің өкілі, Мақаншы ауылы:
– Шекара әскері мен облыс кәсіпорындары арасындағы бұрынғы медеткерлік байланыстар тәжірибесін қайта жаңғыртуды ұсынамын.
– Медеткерлік байланыстар туралы ұсыныс өте тамаша. Өзімнің орынбасарларыма бұл ұсынысты жан-жақты тыңғылықтауды тапсырамын.


Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив