KZ
Өскемен
+1°
ясно жел 1 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Семейдің өз кардиохирургия орталығы болады

7.01.2013, 18:00 157


Семейдегі мемлекеттік медициналық университеттің медицина орталығында (ММУ МО) жүрекке ашық ота жасалды. Бұл жауапты іске «Парасат» орденінің иегері, ҚР Ұлттық кардиохирургия орталығы басқармасының төрағасы (ҰКО), атақты кардиохирург Юрий Пя жетекшілік етті, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Бұл ҰКО мамандарының Семейге осымен екінші рет келулері. Өткен жылдың көктемінде Юрий Пя өзінің әріптестерімен семейлік дәрігерлерге жүрекке ашық ота жасаудың қыр-сырын көрсетіп кеткен болатын.

-Өткен жолы астаналық мамандар біздің базамызбен, мүмкіндіктерімізбен танысып, бізге ақыл-кеңестерін берген. Егер сол жолы біз ота жасау барысын тек сырттай бақылап қана тұрсақ, бүгін біз ҰКО кардиохирургтерінің басшылығымен өзіміз ота жасадық, - дейді ММУ МО-ның қан тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Бекжан Бұланов.

Тек Семей өңірінде ғана жылына орта есеппен 450 науқас білгір кардиолог-дәрігерлердің көмегін қажет етеді. Жүрек- қан тамырлары ауруларын емдеуді жақсарту үшін қалада арнайы медициналық орталық ашу мәселесі қолға алынған. Орталықты құру үшін мемлекет тарапынан 1 млрд. теңге қаражат бөлінді.

-Сіздің өңірлеріңіз облыстың көп аумағын алып жатыр. Кардиохирургия қызметі бар ең жақын қалалар – Өскемен мен Павлодар, олардың өздері Семейден шалғайда орналасқан. Сол себепті осы жерде кардиохирургия орталығын ашу туралы бағдарлама дер кезінде қабылданып отыр, - деп атап өтті Юрий Пя.

-Қымбат құрал-жабдықтардың негізгі бөлігі келіп жетті. Оның ішінде барлық қан тамырларын, бастың қан тамырларын жан-жақты тексеруге мүмкіндік беретін ангиограф бар. Аталмыш құрал-жабдық орнатылғаннан кейін бізде жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеуде алға жылжу байқалады деп ойлаймын, -дейді ММУ МО-ның қан тамыр хирургиясы бөлімінің меңгерушісі Бекжан Бұланов.- Семейде толыққанды кардиохирургия қызметін құру үшін ММУ МО-ның басшылығы корпустардың бірінің бірінші қабатын операция блогы мен интенсивті терапия бөлімін орнатуға лайықтап қайта құрастыруды көздеп отыр. Ал жүрек-қан тамырлары дертіне шалдыққан семейлік науқастарға көрші аймақтарға сабылмай, өз қалаларында ота жасатуға мүмкіндік туады.

Раушан Мусина

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив