KZ
Өскемен
+8°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
479.23 534.96 5.16

Мұздан, қардан жасалған алуан түрлі мүсіндер көшелерге сән беріп тұр

31.12.2012, 18:00 232


Күршім ауылының орталық алаңында 24 мұз-мүсін жасалып, Абылайхан, Бауыржан Момышұлы, Барақ батыр, Шәкерім көшелері бойында қардан барлығы 35 мүсін тұрғызылды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

Олардың көпшілігі ертегі кейіп-керлерін, әртүрлі жануарларды бейнелесе, енді біреулері сол мүсінді жасаушылардың өз қиялдарынан туған түрлі кескіндерді сипаттап тұр. Қалай болғанда да, осынау өнер туындыларының ауыл көшелеріне сән беріп, әсіресе, кішкентай тұрғындардың көзайымына айналып тұрғаны шындық.

– Мүсіндерді тұрғызуға аудан орталығының тұрғындары жаппай атсалысты десем, жалған емес, – дейді Күршім ауылдық округінің әкімі Сәндібек Дүзбаев. – Бұл ауқымды шараға барлық мекеме, кәсіпорындардың ұжымдары шама-шарқынша үлес қосты. Аудан әкімі Алтайбек Сейітовтің тапсырмасы бойынша әр мекеме мен кәсіпорынға белгілі бір мүсін бекітіліп беріліп, оны әдемі де көрнекті етіп жасау міндеттелді. Сөйтіп, орталық алаңда 24 мұз-мүсін жасалып, Абылайхан, Бауыржан Момышұлы, Барақ батыр, Шәкерім көшелері бойында қардан барлығы 35 мүсін тұрғызылды. Бұдан бөлек, барлық мекемелердің кеңселері, олардың маңайлары 1 желтоқсаннан бастап безендіріле бастаған болатын. Сонымен бірге, көшелердегі шыршалар әдемі шырша ойыншықтарымен көмкеріліп, міне, ай бойы күн кешкіре жарқылдап, ауыл көшелеріне жарасымды сән беріп тұр. Ал коммуналдық шаруашылық ұжымы негізін металдан құраған жасанды шыршалардың «Қазақ елі» монументінде, айналма жолда және №2535 әскери бөлім жанында менмұндалап, көз тартып тұрғаны тіптен керемет.

Бұл әдеміліктерді белгісіз біреулер бұзып, сындырып кеткен жағдайлар да орын алғаны бар. Ел арасында небір пиғылды адамдар аз емес қой. Осыған орай, аудан әкімі аппарат мәжілісінде ішкі істер бөлімінің бастығы Б.Қамзинге ерекше тапсырма берген болатын. Содан бері түнгі кезекшілік күшейтіліп, ерікті жасақшылардың жұмысы жолға қойылды. Қас қарая көшелерге шығатын осы кезекшілер кез келген тәртіп бұзушылыққа тосқауыл қойып, ауылдың көркіне көрік қосқан мүсіндерді баладай аялап келеді.

Мәлімет көзі: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив