KZ
Өскемен
-2°
ясно жел 1 м/с, С
480.61 534.53 5.28

Бошай Кітапбаев оқытушылар және студенттермен кездесу өткізді

11.10.2012, 18:00 455


Есімі елімізге әйгілі Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысының ардагері, өлке шежірешісі Бошай Кітапбаев Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің профессорлары және оқытушыларымен, студенттерімен кездесу өткізді, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

– Бошай ағамыздың өмірі біздер үшін өнеге. Ардагердің әңгімесін өз аузынан естісін, ол кісінің ерлік еңбегін үлгі етсін деген мақсатпен жастар арасына бүгін арнайы шақырып отырмыз, – деді кездесуді ашқан университет ректоры, профессор Нұрлан Темірбеков.

Бошекең өзінің өткен жолы, замандастары жайында әсерлі әңгіме айтты.

– Шыңғыстайдағы орта мектепті жартылай тәмамдаған адаммын. Отанды қорғап, Белоруссиядан бір аяқпен оралдым. Бірақ мүгедекпін деп үйде отырып қалған жоқпын. Небір жауапты қызмет атқардым. 40 жылдай колхоз басқардым. Қанша шаруабасты болғаныммен қолымнан кітап түскен жоқ. Осы күнге дейін әдебиетте, мәдениетте не жаңалық барынан хабардар болып отырамын. Өзім де қаражаяу емеспін, бес кітап жаздым. Сендерге айтарым, балаларым, көркем әдебиет оқуды, өнермен айналысуды әдет етіңдер. Көрген-білгендеріңді қойын дәптерлеріңе түрте жүріңдер, ертең керек болады, – деп Бошай ата жастарға ақылын айтты.

Университет проректоры, профессор Жақсыгелді Нәзбиев ардагер туралы әңгіме шертсе, студенттер сұрақтар қойды.

– Мұндай кездесу, аға ұрпақтың әңгімесін тыңдау – тәрбиенің таптырмас жолы. Бұл басқосудың әсері мол болды, – деген Н.Темірбеков Бошекеңе зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив