KZ
Өскемен
+21°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, З
480.11 532.25 5.14

Тар жерде тоғысқан тағдырлар

23.02.2012, 18:00 224


Қажығұмар Шабданұлы... Бүгінде әр қазаққа етене таныс, әйгілі есім. Дарынды жазушы, «елім» деп еңіреп өткен ер. Жанкештілік пен қайсарлықтың, өмірге деген құштарлық пен аттаған сайын ажал төніп тұрған тар кезеңдегі табандылықтың символындай болған бірегей бейне. Сексен алты жаста бақилық болған Қажығұмар атамыздың өкінішпен бірге өнегеге толы өмірінің табаны күректей 44 жылы тар қапаста, темір тордың ар жағында өткен екен.

Бестен-оннан роман жазған, том-том мұра қалдырған жазушылар аз емес, тегі. Бірақ дәл осы Қажығұмар Шабданұлындай жазуға қатаң тыйым салынған, қарауылы күшті мекемеде ешқандай тосқауыл тізгіндей алмайтын асыл ойларын газет қиындысына, кітаптағы жолдардың арасына жазып, оны іннен-інге тығып сақтап, қиқымдап сыртқа шығарып жүріп, әлемді таң қалдырғандай тарих тудырған жазушы жоқ болар, сірә!
«Елім, жұртым, мен үшін ең басты бақыт – сенің бостандығың, тәуелсіздігің» деген сөзі мен соған бекіген сенімі үшін саналы ғұмырын түгелге жуық темір торда өткізген жігерлі жазушы, нағыз патриот, арқалы азамат Қазақстанның Тәуелсіздік алғанын «Азаттық» радиосынан тыңдап, республика басшысы Н.НАЗАРБАЕВТЫҢ «Өз тізгініміз өз қолымызға тиді. Қуан, елім, айналайын қазағым!» – деген сөзін естігенде көзіне жас алып, қатты тебіренген екен. «Ақсарбас!» деп дауыстап жіберген Қажығұмар атамыз сонда: «Қазақтың Абылайы қайта туған екен! Елді көгертетін, әлемге танытатын осы болар, сірә!» деп ұзақ толқыған көрінеді.
Мұның барлығын мен Қажығұмардай қайсар жанның жанында болып, түрменің қара нанын жеті жыл қылдай бөлісіп жеген, жазушымен тілектес, пікірлес азаматтың аузынан естідім. Қажекеңдей телегей-теңіз дарынды, өмір жолы әлденеше романға азық болатын асылды зерттеп, оның шығармашылығына баға беретін мен емеспін, әрине. Бірақ оның көзін көрген, қиындықта қолтығынан сүйеген тағы бір айтары мол ағамызбен жолығып, әңгімесін тыңдаған соң, осы хикаяны шет жағалап болса да, жұрт назарына ұсынуға тырыстым.
«Үш отау» партиясы қалай құрылды?
Бір күні өзім меншікті тілшісі болып қызмет істейтін «Дидар» газетінің редакторы Уәлихан Тоқпатаев телефон шалып, Марқа өңіріндегі Боран ауылында Қажығұмар Шабданұлымен көп жыл түрмеде бірге отырған бір азаматтың тұрып жатқанын айтып, «сол кісімен жолығып, бір сүбелі материал жазсаң қайтеді?» деген ұсынысын білдірген болатын. Содан Боран ауылдық округінің әкімі Мақсат Ағиековпен тілдескенімде, ол Баймұрат деген оралман ағайынның Боранда тұрып жатқанын, ол кісінің әңгімешіл, білімді әрі көпшіл азамат екенін айтып, «келсеңіз, қарсы алуға дайынбыз» деп қонақжай пейіл білдірген-ді.
Сөйтіп, бір дәм тартқан күні, сәрсенбінің сәтінде «Боран қайдасың?» деп тартып отырдым. 150 шақырым жерге тура екі сағат жүріп жеттік. Мақсат бауырым ауыл шетіндегі бір үйге бастап келді де:
– Аға, іздеген адамыңыз осында тұрады. Мен сізді кеңседе күтемін, – деп шаруасына қайтты.
«Өзі зейнеткер болса, өмірінің жартысы түрмеде өтсе, қаусаған қарт адам шығар» деген оймен келген басым алдымнан шашын қырау шалғаны болмаса өңі жап-жас, сергек те ширақ жігіт ағасы шыға келгенде әрі-сәрі болып қалғаным рас. Сәлемімді ықыласпен алған ол: «кел, бауырым, Баймұрат деген ағаң мен боламын» деп қолма-қол ішке бастады. Жасаулы дастарқанға шақырып, табақ тартып, әбігер болған аға-жеңгемізге алғыс айтып, уақыттың тығыз екенін ескерттім. Сөйтіп, Баймұрат Белгіұлы екеуіміз оңаша бөлмеге кірдік. Өмір бойы қуғын-сүргінде болғандықтан, сақтыққа үйренген адамның әдеті болар, ол күдікті ештеңе байқалмаса да есікті нығыздап жауып, бәсең үнмен әңгімесін бастады.
– 1946 жылдың 12-наурызында Қытай Халық Республикасының Алтай аймағындағы Көктоғай деген ауылда дүниеге келіппін, – деді ол. – Өз сүйегім Қаратай, төртінші атам Нәзік Катонқарағай өңірінде туған екен. Кейінірек жергілікті орыс ұлықтарымен келіспей қалып, Семей асып, Қарағанды жаққа кетіп қалыпты. Сол жақта Кенесары әскеріне кіріп, оның Ақмоланы алған әйгілі шабуылына қатысқан көрінеді. Бірақ орыстың қаруы күшті көп қолы шыдата ма, шегініп, Жетісу жаққа ауса керек. «Кейін бетті солай қарай түзесек, тиянақ болсын» деген оймен Кене хан Қытай еліндегі қазақтардың негізгі үш руы – Керей, Уақ, Найманнан үш адамды сол жаққа елшілікке аттандырған екен. Ол үшеудің бірі болып менің атам Нәзік те кетеді. Олар арғы бетте жүргенде көтерілісшілер жеңіліске ұшырап, Кенесары опат болады. Сөйтіп, елшілікке барған үшеуі сол жақта қалып қойған екен.
Тілдің майын тамызатын әңгімешіл ағамыздың шерткен хикаясы қаншама тартымды болғанымен, мен келіп отырған шаруамның Қажығұмар Шабданұлына байланысты екендігін назарға салып, «сол жайға ойыссаңыз» деген тілегімді білдірдім. Баймұрат аға бұл әңгімені тым әріден бастады.
– 1918 жылы Шыңжаңға Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов барған екен, – деді әңгімеші. – Ондағы мақсаттары – қазақ жерінде құрылған Алаш орда партиясына тілектестер жинау. Екеуін ол жақтағы ағайын құшақ жая қарсы алып, аудан-ауданнан барлығы 5 мың сарбаз, мінісіне 5 мың ат жинап берген екен. Қазақтың бостандығы үшін неге де болса даяр екендіктерін білдірген қауымға Алаш зиялылары қатты риза болыпты. Бірақ өз елдерінде қуғын-сүргін басталып, Алашорда Кеңестің басты жауы деп танылады. Жетекшілері атылып, Сібірге айдалып, Алаш ұйымы тоз-тоз болыпты. Алматыдан әдейі жіберілген, кезінде Петербург университетінің орман факультетін бітірген Ғаббас мүфти деген адам осы шараға қатты күш салып, көп еңбек сіңірген екен. Ол әйгілі Оспан батырдың саяси кеңесшісі болған. Амал қанша, Ғаббас мүфти Оспаннан да бұрын қолға түсіп, атылып кетіпті.
Кейінірек Алашорда басшыларынан үлгі-өнеге алып, қазақтың азаттығы жолындағы күреске бел буған Шыңжаңдағы бірқатар зиялы адамдар «Үш отау» атты партия құрады. Бұлай аталу себебі: Қытайдағы, Кеңес үкіметіндегі, Моңғолиядағы қазақтарды біріктіріп, біртұтас Қазақ елін құруды көздегеннен туындаған екен. Осы «Үш отау» партиясы қазірге дейін өмір сүріп, еріктілерді өз қатарына тартумен келе жатыр.
«Үшотаулықтар» өз насихаттарын мектептегі жас буын арасында жүргізіп, оларды бұл бостандығының жоқшысы болуға үгіттей бастапты. Әрине, ол жұмыс өте құпия түрде жүргізіледі, әркім өзіне дейінгі екі адамды ғана білген екен. Бұл – әлдеқандай күн туса, құрбандықтың мейлінше аз болуын көздеуден туған шара болса керек. «Біз осы идеяға жан-тәнімізбен беріліп, қандай қиындық туса да, одан бас тартпауға бекіндік» дейді Баймұрат Белгіұлы.
18 жасымда қамауға алындым
Қандай құпия ұйым болмасын, арадан бір шіріген жұмыртқаның шығатыны белгілі. Сондай бір опасыз өкімет орындарына жеткізіп, 1963 жылы өңірді «контрреволюционер, жікшілдерден» тазалау шаралары басталады. Қазақтың көзі ашық, еті тірі азаматтары топ-тобымен түрмеге тоғытылады да, 18-ге жаңа ғана толған Баймұрат та қамауға алынып, қауіпті қылмыскер ретінде 15 жылға сотталады. Сөйтіп, алды-артын болжап үлгермеген жас жігіт Үрімжінің №1 саяси түрмесінен бір-ақ шығады.
– Тозаққа түскендей болсақ та, жасыған жоқпыз, – дейді Баймұрат аға. - Қазақтың жігіттері бірін-бірі қолдап, демеп, жұдырықтай жұмыла білді. Қазекеңнің жайшылықта берекесіздеу, күншілдеу екені рас болса да, таршылықта қажымас қайсарлық көрсете алатынына сол жерде көз жеткіздім. Мәселен, түрмедегі саяси тұтқындар ішінде алты жүз қазақ, екі мың ұйғыр болды. Бірде түрме басшылары осылардың барлығын алаңға шығарып, отырғызып қойды да, бірнеше азаматты жұрт көзінше қинауға кірісті. Бізге таяу тұрғаны Юсуф Тұрсын деген ұйғыр жігіті еді. Оны мойнына салынған тұзақтың екі жағынан тартып, қылқындырумен болды. Анау қырылдап, тұншығып бара жатқанда босата қояды да, тыныс алған соң қайтадан буындырады. Жасауылдар оны қоршап алып:
– Бүлікші неме, қане, кешірім сұра! Біздің алдымызда басыңды иіп, еңкей! – деп зіркілдеумен болды. Юсуф та қайсар екен. «Мен қытайдың алдында басымды имеймін. Өлсем, тік тұрып өлемін!» деп қасарысып алды. Бұдан соң тұтқындар алдына Шығыс Түркістан халық партиясының үшінші хатшысы шығып:
– Оңбағандар, сендердің барлықтарыңды ату керек! Өкіметке қарсы жасаған қылмыстарың он рет атуға татиды. Бірақ бас исеңдер, шын өкініп, кешірім сұрасаңдар, аман қаласыңдар. Қазір анау үстелде даяр тұрған қағазға қол қойсаңдар, атылмайсыңдар, – деп алдын ала жазып қойған тізімге қол қоюға шақырды. Сонда әлгі екі мың ұйғырдың бір мың сегіз жүзінің өре түрегеліп, қол қоюға жүгіргенін көзімізбен көрдік. Мен ұйғырлар бізден жаман дегелі тұрған жоқпын. Бірақ сол жерде әлгі оқиғаның болғаны рас.
Шынында да атылып кету қаупі төніп тұрғанына қарамастан, алты жүз қазақтан кешірім сұраған қағазға қол қоюға бір адамның тұрып, бармағанына түрме басшылары қайран қалды. Біздің жігіттердің біреуі де осалдық көрсеткен жоқ. Үрімжі түрмесінің бөлім бастығы болып қызмет істейтін Жармұханбет дейтін қазақ бар еді. Біз сияқты бүлікшілерге жұмсақтық танытпай жүретін. Қайткенмен бойында қазақтың қаны бар емес пе, қазақтардың қайсарлығын көргенде әлгі бастық қытайларға естіртпей:
– Бәсе!.. Бәсе, – деп айызы қана күбірлеп жүрді.
Осы түрмеде өткен он бес жылдың Баймұрат ағамыз үшін үлкен сынақ болып әрі әбден шыңдап шығарғаны шындық. Қандай қиындық көрсе де, ол еңсесін түсіріп, алған бетінен қайтқан жоқ.
Жазғандарын бос шөлмектерге салып, құмға көмеді екен
– Босаған соң мен қайтадан партия жұмысына тартылдым, – дейді Баймұрат Белгіұлы сөзін жалғап. – Арнайы тапсырмамен Моңғолияға барып, ондағы саяси жиынға сонау Мәскеудегі өз өкілімізді шақырып алдық. Онда партияның алдағы жоспарлары талқыланып, әрқайсымызға жеке-жеке тапсырмалар жүктелді. Өкінішке қарай, тағы да сол өз арамыздағы опасыздардың кесірінен ши шығып, елге оралған бойда қайтадан қамауға алындым. Бұл жолы «Шетел шпионы, Отанды бөлшектеуге ұмтылған жікшіл» деген айып тағылып, он бір жылға сотталдым. Сот алдына барғанда ату жазасын беруі де мүмкін еді (қытайлар бұл баппен айыпталғандарды аямайды), сәтін салғанда мені тергеген қазақ тергеушісі жанашырлық білдіріп, ауыр айыптаулар жазылған парақтарды білдірмей өртеп, кінәмді біршама жеңілдетіп қойған болатын.
Үрімжі түрмесінде өздеріне керекті маман даярлау мақсатын әрі алдап-сулап, жұмсартуды көздегендіктен болар, тұтқындарды қалаған мамандықтарына оқыту дәстүрі жолға қойылған-ды. Мен өзім біршама меңгеріп қалған қытай тілі, қазақ тілі мен әдебиеті және медицина факультеттерінде оқуға емтихан тапсырып, жақсы бағамен қабылдандым. Түрмеде сабақ оқу үшін уақыт ұшан-теңіз, аталған мамандықтардың барлығын да жақсы меңгеріп, емтихандарды үздік бағаға тапсырдым. Сөйтіп, осы үш мамандықтың иесі болып, диплом алып шықтым. Емтихандарды күшті күзетпен апарып, Үрімжі университетінде белгілі профессорлардың алдында тапсыртатын. Ол жерде кеңшілік, таныстық деген атымен жоқ.
Екінші рет қамалғанымда мен атына сырттай қанық болып жүрген белгілі жазушы Қажығұмар Шабданұлымен таныстым. Бұл – 1982 жыл еді. Ол кісінің төртінші рет сотталып жүрген кезі екен. Алдында көп жыл Такла-макан шөлінде орналасқан, нағыз тамұқ деп аталып кеткен аты әйгілі Тарым лагерінде болыпты. Қалам ұстатпайтын қамауда Қажығұмар аға қарауылдың көзін ала беріп, жазғандарын бос шөлмектерге тығып, оны құмға көміп, жасырып отырады екен. Мына бір әңгімені ақсақалдың өз аузынан естіген едім.
Әлденеден кінәлі болғандарды лагерьдің тозағы аздай, сол жердегі зынданға салатын көрінеді. Зынданда жатқандар өліп қалмасын деп, тұтқындар арасынан бір бақылаушы қояды. Сыртқа шығатын ауыздағы тордың құлпының кілті әлгінің қалтасында. Бір күні ұйықтап жатқан жазушының түсіне анасы кіріп, аян беріпті. «Балам, – депті ол. – Анау жазып, құмға тығып қойғандарыңды еріген қар суы шайып кеткелі тұр. Еңбегің зая болады ғой». Ояна келген Қажығұмар бақылаушының қалтасындағы кілтті еппен алып, сыртқа шығады да, жазбалары тығылған жерге жүгіреді. Келсе, су көтеріліп, таяп қалған екен. Қолма-қол қазып алып, жазбалары салынған шөлмектерді биік, құмдауыт жотаға апарып көмеді. Мұның өзін бір ғажап оқиға, халықтың игілігіне айналғалы тұрған жазбаларды құдайдың өзі сақтап қалған демеске шара жоқ.
Қай саладан болса да білімді Баймұратты түрме басшылары кітапхана меңгерушілігіне тағайындаған екен. Қорында әр тілдегі төрт-бес мыңдай кітабы бар осы мекемеде істегені оның көптеген адамдарға жәрдем беруіне қолайлы болыпты. Мұнда Қажығұмар да жиі келіп жүреді екен, ақыры екеуі жақын танысып, достасып кетіпті. Ол кісінің жазғандарын ешкім қозғай бермейтін қалың кітаптардың арасына жасырып қойып жүрген Баймұрат кейінірек осының барлығының сыртқа шығарылуына да әжептәуір еңбек сіңіріпті. Ал соңынан мұның бәрі кітап болып шығады.
– Ақсақалға шамамыз келгенше жағдай жасауға тырыстық – дейді Баймұрат аға. – Ол кісі мұнымызға қатты риза болып, үнемі алғысын айтып жататын. Маған арнап, өз қолымен мына бір естелікті жазып қалдырған еді. (Естеліктің фотокөшірмесін біз осы бетте жариялап отырмыз. Автор).
- Қажекеңнің асқан білімділігі мен сабырлылығы көрген адамды тәнті етіп, шынымен таңырқататын, - деп еске алады Баймұрат ағамыз. – Ол кісі қай тақырыпта сауал қойсаң да тиянақты жауап қайтаратын және сөйлегенде байыппен тіл қатып, сасқалақтауды, асығуды білмейтін. Сөйлескен адамын иландырып, баурап отырушы еді. Сонысы үшін де оны айналасындағылар қатты қадірлейтін.
Түрменің аты – түрме, онда кімдер жоқ дейсің. Соған орай, елдің бәрі сенімен инабатты сөйлесіп, биязылық көрсете бермейді. Күні-түні әкіреңдеген қарауылың - желкеңде. Сондықтан да қамаудағы адамның жүйкесі қашанда домбыраның қатты бұраған ішегіндей ширығып жүреді. Ал жүйкесі жұқа жанның бәлеге ұрынуы оп-оңай.
Қажымұрат ағамыз ұзақ ғұмырының жартысынан астамын қамауда өткізсе де, адам нанбастай сабырлы еді. Қандай қиын сәттерде де өзін тас-түйін ұстай білетін. Кейбірде қатты назаланып, тіпті, өмірден түңіле жаздаған сәтімізде де ағаның салқынқанды, сабырлы қалпын көріп, өзімізді-өзіміз тоқтататынбыз. Жоғарыда айтқанымдай, төрт мәрте сотталып, қырық төрт жыл темір торда отырса да, ағамыздың өңін бермей, көп жасағаны оның осы бойына құдай дарытқан байып пен сабырдың арқасы екендігіне дау жоқ.
Жеті жарым жыл бірге болғанда мен Қажымұрат ағаның біреуге дауыс көтергенін естімеппін. «Жақсылыққа жақсылық – әр адамның ісі, жамандыққа жақсылық – ер адамның ісі» дейтін еді ол үнемі: «Сірә да, өзіңе жамандық істегісі келген адаммен жауласа жөнелген дұрыс емес. Оны шайтан азғырып тұр деп түсіну керек. Ал біреу жамандық жасаса, оған сен де жамандықпен жауап қайтарсаң, өз басыңның әлгі қисық адамнан артықшылығы қайсы? Жамандық істеген адамды қарғап-сілеп, тілдеген де жөн емес. Қайта «О, тәңірім! Ана кісінің күнәсін кешіре гөр!» деп тілек тілеген дұрыс болады» деп отыратын. Құдай ерекше дарын, қабілет берген жанның тегін адам емес екендігі осыдан-ақ байқалып тұр емес пе...
Көргені көп, түйгені одан да мол зерделі жан бүгінде Боран ауылында тірлік кешіп жатыр. Зайыбы Бақытгүл екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп өсіруде. Алғаш көшіп келгенде Құмаш Нұрғалиев атындағы Боран орта мектебінде қытай, араб тілдерінен, дінтанудан сабақ берген екен. Қазір қарттығына байланысты берілген шамалы зейнетақыны қанағат тұтып отырған жайы бар.
– Мен Қазақстанға оралуға 1993 жылы өтінім беріп қойған болатынмын, – дейді Баймұрат аға. – Бірақ мені аса ұната қоймайтын қытай өкіметі он жыл бойы сиырқұйымшаққа салды. 2003 жылы әрең дегенде рұқсат алғаныммен, екі жарым жастағы кіші қызымды алып қалып, алты жыл бойы бермей, әуреге салды. Алматыға барып, бұрыннан таныс Мұрат Әуезовтің көмегіне жүгіндім. Ол кісінің ақылымен сол кездегі елдің Сыртқы істер министрі Қ.Тоқаевқа кірдім. Қасымжомарт Кемелұлы Қытай консулымен тілдесіп жүріп, бұл мәселенің оң шешілуіне ықпал жасады. Сөйтіп, құлынымыз аман-есен үйірімізге қосылды.
Тар кезеңде әлемдегі күллі қазаққа мәшһүр болған аяулы азаматтың жанында жүріп, оған қолынан келгенше жәрдем жасағанын Баймұрат аға шынымен мақтан тұтады. Қажығұмар жайлы сөз қозғағанда оның үнінен есіп тұрған осынау ерекше тұлғаға деген өлшеусіз құрметтің, шынайы сыйластықтың лебін қапысыз аңғарып, бойымды ризалық биледі. Аттанарда алғаш рет тілдесіп отырсақ та ежелден таныс-біліс жандай болып көрінген ағамызбен қимай қоштастық.

Хасен Зәкәрия

Мәлiметтiң көзi: Altaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив