KZ
Өскемен
+10°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
480.61 534.53 5.28

Таврия ауылында тамаша спорт стадионы ашылды

3.10.2012, 18:00 109


Кеше ШҚО Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ жұмыс сапарымен Ұлан ауданының елді мекендерін аралап, бірқатар жаңа нысандардың ашылу салтанатына қатысты. Жергілікті шаруашылықтардың күзгі жиын-терін жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Аltaynews.kz тілшісі.

Дәл осы күні Таврия ауылында тамаша спорт стадионы ашылды. Ауыл тұрғындарын қуанышқа бөлеген мерекелік шараға облыс басшысымен бірге КСРО-ның жеті дүркін чемпионы, Еуропа мен Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының жүлдегері, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов, Лондон Олимпиадасының алтын медаль иегері Ольга Рыпакова бастаған олимпиадашыларымыз қатысты.

– Мен Шығысқа жиі келемін. Келген сайын байқағаным, облыстың әр ауылында, әр қаласында бір жаңа нысан бой көтеріп жатады. Бұл жақсылықтың нышаны. Міне, Таврия ауылында өсіп келе жатқан жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін стадион ашылып отыр. Оған Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова сияқты спортшылардың келіп қатысуы кейінгі буын өкілдерінің спортқа деген ынта-жігерін арттырып, ықыласын күшейтеді. Бүгінде Президенттің «Жүз мектеп, жүз аурухана» деген бағдарламасы іске асырылып жатыр, енді осыған ұқсас «Мың спорт кешені» деген бағдарлама жасалса, тіптен жақсы болар еді, – дейді даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов.

Жалпы ауданы 6 мың шаршы метрді құрайтын бір мың орындық ашық стадионда жасанды төсеніш төселген футбол алаңымен бірге волейбол, баскетбол ойнайтын арнайы орындар, 400 метрлік жүгіру жолы жасалыпты. Құрылыс жұмыстарын білікті маман Асқар Әлханұлы басқаратын «Восток-Асфальт» ЖШС сапалы атқарған. Жобаның құны – 46 миллион теңге. Мұның 36,8 миллион теңгесі облыс қазынасынан бөлінсе, аудандық бюджеттен 9,2 миллион теңге қарастырылған екен.

– Тавриялық спортпен айналысатын жастарға сыйлық ретінде біз өз қаржымызға ыстық және суық су тартып, жуынатын арнайы екі бөлме жасап бердік. Сол сияқты жарықтандыру жағын да өзіміз мойнымызға алдық. Бұл жобалық құжатта қарастырылмаған, біздің тартуымыз, – дейді «Восток-Асфальт» серіктестігінің басшысы Асқар Әлханұлы.

Мәлімет көзі: Аltaynews.kz




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив