Отандық кино туындыларының ішінде қалың жұртшылықтың ықыласына бөленген Ақан Сатаевтың «Жаужүрек мың бала» атты тарихи драмасы «Қазақстан» ұлттық телеарнасынан көрсетілмекші. Атап айтқанда, телеарна тарихи драманы 5 шілде күні, түнгі сағат 22.05-те ұсынады, деп хабарлайды Altaynews.kz меншікті тілшісі.
Бұл – «Жаужүрек мың баланың» телеарнадан тұңғыш рет көрсетілуі. Ұлттық арна Астана күніне орай көрермендерге осындай сый жасамақ.
Естеріңізге сала кетейік, «Жаужүрек мың бала» фильмі еліміздің кинотеатрларына прокатқа биылғы жылдың мамыр айының 3-де шықты. Жаңа туынды екі апта көрсетілім ішінде 2 миллион доллар жинап, отандық кинотуындылар ішінде кассалық кірістен рекорд орнатты. 17 мамырда бұл фильм Францияда өткен 65-ші Канн кинофестивалінде шетелдік мамандардың назарына ұсынылып, жоғары бағаға ие болды.