Қандай істе де адалдық пен ниет керек - Сания Аязбаева
«Өскемен Құс Фабрикасы» АҚ – Қазақстанда құс етін өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірі. Дәл осы жерде еліміз үшін өнімдердің мүлде жаңа түрі, яғни салқындатылған құс еті өндіріле бастаған болатын. Жұмыс істеп тұрғанына 50 жылға жуық уақыт болған фабрика қазіргі күні мыңдаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Отандық нарықтағы құс өнімдерінің 24 пайызын құрайтын құс фабрикасында жұмыс істеу де оңай емес екенін айта кеткен жөн.
Кәсібін сүйіп, ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті. Аязбаева Сания өмірінің 30 жылдан артық ғұмырын осы кәсіпорынға арнаған. Ұлан ауданына келін болып түскеннен кейін жолдасы екеуі аталған фабрикаға қарапайым жұмысшы болып орналасады.
Бір жылдары құс фабрикасында асхана жұмыс істемей қалған. Сол уақытта Сания өз жұмысымен қоса, аспаздық қызметті де қатар атқарыпты. Жұмыс істей жүріп, күніне 200 кісінің ас-ауқатын әзірлеп үлгерген.
Денсаулығы сыр бергеніне қарамастан үйінде қол қусырып отыра алмаған еңбекқор жан аудан әкімдігіне кіші қамту қызметкері болып орналасқан. Әлі күнге дейін сол жерде тынымсыз еңбек етуде.