Су деңгейі шекті белгіден асуы ықтимал – Қазгидромет
фото: bangkokbook.ru
Қазгидрометтің Шығыс Қазақстандағы филиалының ақпараты бойынша 11-13 сәуір аралығы жауын-шашынды болады. Жаңбырмен қатар қар еріп жауады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай-ақ қардың жылдам еруіне байланысты беткейлерден қарғын су жүгіріп, өзендер көтерілуі мүмкін. Мамандардың айтуынша, су деңгейі шекті белгіден асуы да ықтимал. Сондықтан төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері көлік жолдарды мен теміржолды, елді мекендерді және шаруашылық құрылыстарды су басуы мүмкін екенін ескертеді.
ШҚО ТЖД кеңес береді:
- арықтар мен жыраларды тазалаңыз, бұл су басу қаупін азайтады;
- үйдің аумағын құм-топырақ толтырылған қаппен және қолда бар материалмен қоршаңыз;
- егер үйіңіз су басу қаупі бар аймақта орналасқан болса, азық-түлік қорын жертөледен шығарып, су тимейтін жерге қойыңыз;
- ауа-райы болжамы және гидрологиялық жағдай туралы хабарламаларды қадағалаңыз.
Төтенше жағдай кезінде «112-ге» хабар беру керек.