Өскеменде мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған үстел теннисінен балалар мен жасөспірімдер арасында ашық чемпионат басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Еліміз үшін үстел теннисі - ең танымал және бұқаралық спорт түрлерінің бірі. ШҚО-да да аталмыш спорт түрі күн сайын қарыштап дамып келеді. Бүгінде Шығыс Қазақстанда 600-ден астам адамның осы спорт түрімен айналысуы осыған дәлел.
- Өңірмізде спорттың дамуына және бірқатар нысанның ел игілігіне берілуіне мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев зор еңбек сіңіргенін ұмытпауымыз керек. Айталық, қаладағы Жекпе-жек сарайы, О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежі мен орталық бассейін сияқты бірқатар заманауи спорт нысаны Бердібек Мәшбекұлының тікелей ықпалымен бой көтерген. Бүгінде осы спорт орталықтарынан көптеген мықты спортшылар тәрбиеліп шығуда. Ол кісінің бұл еңбегін елі ұмытпайды, үнемі еске алып отырады. Бүгінгі біріншілік те осы мақсатта өткізіліп жатыр. Жарыс болған жерде жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Әр бәсекеде тек мықтылар жеңіс тұғырынан көрінеді. Ол үшін аянбай еңбектене білу қажет, - деді ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.
Теннис бәсекесінде Өскемен, Риддер қалаларынан және үш ауданнан келген жас спортшылар бақ сынауда. Үш күнге созылатын ашық біріншілікте 100-ден астам жас спортшы республикалық чемпионатқа жолдаманы сарапқа салады.
– Бүгінгі чемпионатқа әр ауданнан, атап айтқанда Өскемен мен Риддер қалаларынан, Алтай, Тарбағатай, Ұлан, Глубокое аудандарынан 100-ден астам жас спортшы қатысып жатыр. Олар үш күн бойы жекелей сында жарысады. Үздіктер республикалық чемпионатқа жолдама алады. Биыл біз түрлі чемпионаттар өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл жарыс солардың бастамасы, - деді ШҚО үстел теннисінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінің директоры Денис Жолудев.