KZ
Өскемен
-20°
туман жел 1 м/с, В
501.02 597.27 6.59

ШҚО: балық өсіру көлемі төрт жылда 13 есеге артқан

29.10.2025, 16:47 154 Базарова Айгүл

Шығыс Қазақстан облысы соңғы жылдары елдегі балық өсіру өндірісінің көшбасшыларының біріне айналып келеді. Су ресурстарына бай өңір бүгінде табиғи әлеуетін тиімді пайдаланып, балық шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп отыр. Төрт жыл ішінде облыста тауарлық балық өндірісінің көлемі 13 есеге өсіп, мыңдаған тонна сапалы өнім алынуда. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдік отырысында баяндалды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Мамандардың айтуынша, өңірдің стратегиялық бағыты – балық өсіру өндірісін кеңейтіп, оны экономиканың тұрақты кіріс көзіне айналдыру. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлерге жағдай жасалуда.

2021 жылдан бері облыста жалпы көлемі 6,2 мың тонна тауарлық балық өсірілген. Егер алғашқы жылы бұл көрсеткіш 480 тонна болса, 2022 жылы – 1 491 тонна, 2023 жылы – 2 233 тонна, ал 2024 жылы – 2 мың тонна өнім алынған. Яғни төрт жылдың ішінде өсім 13 есеге артқан.

– 2023 жылы жоспар 128 пайызға орындалған. Жыл қорытындысы бойынша 1 942 тонна лосось тұқымдас, 278 тонна тұқы, 13 тонна бекіре және 133 тонна шаян өндірілді. Ал биылғы жылдың тоғыз айының өзінде 1 310 тонна балық өсіріліп отыр. Оның ішінде 1 015 тоннасы форель, 243 тоннасы тұқы, 2 тоннасы бекіре, 50 тоннасы шаян. 2025 жылы өңір балық өсіру көлемін 2 302 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш, - деді Шығыс Қазақстан облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаев.

Бүгінде Шығыс Қазақстанда балық өсіру өндірісінің құрылымы толық қалыптасқан. Аймақта торлы, көлдік және тоғандық шаруашылықтар қатар дамып келеді.

Лосось тұқымдас балықтардың (форель) негізгі бөлігін үш ірі кәсіпорын өндіреді. Олар – «Шығыс Универсал», «Гранд Фиш» және «Алтайская Форель». Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасының бес учаскесінде жаңа торлы желілер іске қосылған.

Тұқы тұқымдастар бойынша облыста 15 көл шаруашылығы жұмыс істейді. Олардың жалпы өндіріс көлемі – 378 тонна. Сондай-ақ «БНВХ» ЖШС-нің тоған шаруашылығының қуаты 773 тонна.

Бекіре тұқымдас балық өндірісін «ОстФиш» ЖШС дамытып келеді. Кәсіпорынның жылдық қуаттылығы – 45 тонна. Заманауи инкубациялық цехтары мен қайта жабдықталған ангарларының арқасында бұл көрсеткіш алдағы жылдары еселенбек.

– Балық өсіру өндірісінің табысты болуының басты шарты – сапалы жем мен тұқым. Қазір облыста осы екі бағыт та қарқынды дамып келеді. 2030 жылға қарай өңірдің балық жеміне деген сұранысы 15 мың тонна көлемінде бағаланып отыр. Оның ішінде 10,2 мың тоннасы лосось тұқымдастарға, 4,6 мың тоннасы тұқы тұқымдастарға қажет болмақ, - дейді басқарма басшысы.

Сонымен қатар балық шабағын өсіру ісі де жолға қойылған. 2030 жылға қарай облысқа 16 миллион дана тұқым қажет болады деп болжануда. Оның ішінде 11 миллионы лосось, 5,2 миллионы тұқы, 62 мыңы бекіре тұқымдастарға тиесілі.

«Шығыс Универсал» серіктестігі ақсақа дернәсілдерін инкубациялық база арқылы өндіреді. Биыл мұнда 6,3 миллион дернәсіл алынған.

Қазіргі таңда форельдің уылдырығы мен шабағы шетелден – Польша мемлекетінен әкелінеді. Алайда кәсіпорындар біртіндеп жергілікті тұқымдық қор қалыптастырып жатыр. Мысалы, «Шығыс Универсал» жыл сайын 1 миллион дана уылдырықты өз базасында жетілдіреді.

– 2025 жылы аталған кәсіпорын шетелден әкелінген 1,7 миллион уылдырықтан 1,7 мың шабақ өсіріп, 1,5 мың аналық балықтан тұратын тұқымдық қор құрған. Сондай-ақ 100 мың уылдырық және 50 мың шабақ жергілікті жолмен алынған. «Гранд Фиш» ЖШС биыл 900 мың уылдырық әкеліп, 600 мың шабақ өндірген. Жыл соңына дейін тағы 400 мың уылдырық жеткізілмек. «ОстФиш» ЖШС модернизациядан кейін инкубациялық қуатын жылына 500 мың шабаққа дейін ұлғайтты. Қазірдің өзінде 250 мың шабақ жергілікті өндірістен алынған, - деді Арман Есентаев.

Балық өсіру саласының дамуы мемлекеттік қолдау шараларымен тікелей байланысты. 2022 жылдан бері облыста жергілікті бюджет есебінен 5 түрлі субсидия қарастырылған.

2024 жылы шаруашылықтарға барлығы 449 миллион теңге субсидия берілді. Оның ішінде 394 миллион теңге – жемге, 30 миллион теңге – балық тұқымына бағытталды.

2025 жылға арналған жоспар бойынша, өнімділікті арттыру мен тұқымдық балық шаруашылығын дамыту үшін 188 миллион теңге көлемінде субсидия бөлінді. Соның 130 миллионы қазірдің өзінде игерілген, жыл соңына дейін тағы 138 миллион теңге бөлу жоспарлануда.

Бұдан бөлек, инвестициялық шығындардың бір бөлігін өтеу үшін 269 миллион теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі уақытта түскен өтінімдер бойынша 7,4 миллион теңге төленген.

Облыста балық шаруашылығын дамыту ісі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкіметтің нақты тапсырмалары аясында жүзеге асырылып келеді.

ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Арман Есентаевтың айтуынша, балық өсіру өндірісінің барлық негізгі тетіктері – инкубациядан бастап субсидиялауға дейін – тұрақты бақылауда.

– Салада жүйелі өсім байқалады. Өңірде жем мен тұқым базасы қалыптасып, жаңа шаруашылықтар іске қосылып жатыр. Инфрақұрылым жаңартылып, заманауи технологиялар енгізілуде. Шығыс Қазақстанның табиғи әлеуеті ел бойынша үлгі боларлық деңгейде дамып келеді, – деді ол.

Болашақта өңір тек балық өсіріп қана қоймай, өңдеу және экспорт бағыттарын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар экологиялық мониторинг жүйесін енгізу, су айдындарын цифрландыру, жасанды көбейту орталықтарын құру сияқты жобалар қолға алынбақ.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов балық шаруашылығын дамыту – өңір экономикасының маңызды бағыты екенін атап өтті.

– Бағдарламаны тиімді жүзеге асыру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Табиғи ресурстар басқармасы мен әкім орынбасарлары 2025 жылға арналған балық шаруашылығын дамыту бағдарламасының толық орындалуын қамтамасыз етуі тиіс, – деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ Зайсан–Ертіс бассейндік инспекциясы мен облыстық табиғи ресурстар басқармасына келер жылы жоспарланған тауарлық балық өндірісінің көлеміне жету үшін өзара іс-қимылды күшейту тапсырылды.

Шығыс Қазақстан қазіргі таңда еліміздің су байлығын тиімді пайдаланып, балық өсіру өндірісін жаңа сапалық деңгейге көтеріп отыр.

2030 жылға қарай өңір жылына 9,7 мың тонна тауарлық балық өсіруді көздеп отыр. Бұл – Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып, елдің «су ресурстары экономикасын» дамыту жолындағы маңызды қадам болмақ.




Дамир Омаров

Айгүл Базарова 

Фото: Жібек Нұрахмет 

Видео: Евгений Щетников




Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу