Алдағы үш жылда ШҚО-да 19 спорт нысаны салынады
Биыл ШҚО-да 11 үлкен спорт ғимараты, оның 4-і Абай ауданында салынады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Дене шынықтыру және спорт басқармасының дене шынықтыру бөлімінің басшысы Фархад Хұсайынов айтты.
– Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында 3 спорт нысаны пайдалануға берілді, оның ішінде: Алтай ауданы Серебрянск қаласындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Самар ауданы, Самар ауылында жүзу бассейні және облыс орталығы Өскеменде «Үстел теннисі орталығы» - деді Фархад Хусайынов.
Сонымен қатар, 2023-2025 жылдар аралығында тағы 19 ірі спорт нысанын салу жоспарланып отыр. Оның 5-еуі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 11-і спорт модулі, 3-еуі жүзу бассейні.
Сондай-ақ, Абай ауданында 11 нысан салынады. Басқарма басшысы одан бөлек 15 жылда облыста 25 ірі спорт нысаны пайдалануға берілгенін атап өтті.
– Жалпы спорт нысандарын айтатын болсақ, ШҚО бойынша жалпы саны 3261 бірлікті құрады. Аймақтар бөлінгеннен кейін біздің облысқа 1809 спорт кешені, Абай облысына 1452 спорт кешені тиесілі, - деді спикер.
Айта кетейік, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында спортпен шұғылданатындар саны 465,6 мың адамға артқан. Бұл көрсеткіш өткен жылы 427,7 мың адамды құраған.
– Облыста спорттың 90 түрі дамып келеді, оның ішінде 37 олимпиадалық спорт түрлерімен 256 мың 343 адам, 53 олимпиадалық емес түрлерімен 205 мың 697 адам айналысады, – деп түйіндеді сөзін басқарма басшысы.