ТЖ министрі ШҚО-дағы су тасқыны кезеңіне құтқарушылардың дайындығымен танысты
Өңірде жүргізілетін алдын алу іс-шараларының сапасын қадағалайтын арнайы құрылған топтар жұмыс істейді.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысына келді.
Ол ШҚО ТЖД Жедел-құтқару жасағына барып, құтқарушылардың техникасымен және су тасқыны кезеңіне дайындығымен танысты.
Жасақтың қорында 7 мотопомпа, 9 бірлік техника, 9 жүзу құралы бар, олар үлкен су келген жағдайда жұмылдырылады, - деп хабарлайды ШҚО ТЖД баспасөз қызметі.
Министр сондай-ақ "Қазселденқорғау" ШҚ филиалында болды.
- Облыс аумағында 497 қар жиналатын орын тіркелген, оның ішінде 325 ошақ шаруашылық жүргізу объектілеріне, адамдардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіреді, - деп атап өтті құтқару басқармасындағылар. - Автожолдар бойында орналасқан көшкін қаупі бар ошақтар аса қауіпті болып табылады. Көшкін қаупі бар аудандар бойынша халықты, коммуникацияларды және шаруашылық жүргізу объектілерін сенімді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында 207 қар өлшеу рейкасы орнатылған.
Облыста каналдар мен арықтарды, су өткізу құрылыстары мен көпірлерді тазарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. 222 мың текше метр қар шығарылды, 85 мың дана қаптар, 6 мың тонна инертті материалдар, 659 тонна ЖЖМ дайындалды. Қазіргі уақытта өңірде жүргізілетін алдын алу іс-шараларының сапасын қадағалайтын арнайы құрылған топтар жұмыс істейді.
Облыстық бюджетте шұғыл шығындарға және төтенше жағдайларды жоюға 2,6 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылған. 108 ықтимал су тасқыны қаупі бар елді мекен анықталды, 20-сында су басу қаупі жойылды, 69-ында барынша азайтылды.