KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 5 м/с, Ю
491.71 529.97 5.05

Шошқа фермасының шуы әлі басылмай тұр - Өскемен

Фото: Ермек Иманғазинов

12.04.2023, 18:35 4 865

Өскеменнің дәл іргесіндегі неше жылға созылған шошқа фермасының шуы әлі де басылар емес.

Жыл сайын қанша рет облыстық, қалалық, тіпті республикалық БАҚ өкілдері мәселені көтергенімен, өкінішке қарай, еш нәтиже болмай тұр. Ферма иесі тілшілермен байланысқа шыққанды былай қойып, соттың да шешімін орындамай отыр, деп хабарлайды  Altaynews тілшісі.

Тек күзетшілері ғана келген адамдарды қарсы алып, шығарып салады. Тіпті кіргізгісі жоқ аулаларына. Алабайлары ол бір жағынан абалап. Қолқаны қабатын жағымсыз иіс пен ауылдың ортасында шошқа сойғанда төгілетін қан-жыннан әбден мезі болған Степной, Лесхоз және Шмелов Лог ауылдарының тұрғындары осы жолы тағы да төртінші билік иелері – журналистердің көмегіне жүгінді.

 

Сонымен, Өскемен қалалық әкімдігінің, құқық қорғау, ШҚО бойынша экология департаментінің қызметкерлері және БАҚ өкілдері Өскемен қаласының іргесіндегі Лесхоз ауылына тағы бір мәрте барып, шошқаларды заңсыз өсіру және сою фактісі бойынша жергілікті тұрғындармен кездесу өткізіп, арыз-шағымдарын тыңдап қайтты.

 

  – Енді сіздерден басқа кімге айтамыз! Жергілікті әкімдік тілшілер келсе ғана бас көрсетеді. Ферма иесі бізді мүлде тыңдағысы жоқ. Ферма маңына жолатпайды. Тек полицияны ертіп қана бара аламыз. Шошқаларын демалыс күндері не мейрамдарда сояды. Бір сойғанда 20-30 бас бір-ақ сояды. Сою цехы Лесхоз ауылының ортасында орналасқан. Ол кездегі шошқалардың шуы, төгілген қан-жын мен ішек-қарынның жағымсыз иісі бүкіл ауылға тарайды. Сыртқа шығу мүмкін емес. Балалар да дұрыс ойнай алмайды. Сонда бұған кімнің шамасы жетеді? Бұлар ауылға проблема тудырып қана қоймай, жер мен суды, ауаны да ластап, экологиялық шығын әкелуде. Маңайы да қоршалмаған. Тексеру келсе, айппұл төлеп қана құтылатын шығар. Ол оған түк емес. Құзырлы орындар неге нақты бір жағына шығармайды? Маңайдағы Степной, Лесхоз, Шмелев Лог секілді үш ауылдың тұрғындары оған шошқа ұстама деп отырған жоқ, тек ауылдан алыс әкет деп отырмыз. Соның өзіне құлақ асар емес. Былтыр есептегенде 8 мыңнан аса шошқа болған. Оның бәрінің нәжісі ауыл шетіне, Үлбі өзеніне қарай ағып жатыр. Үлбі Ертіске қосылады. Қарап тұрсаңыз, үлкен экологиялық апат болып тұр осы шошқа қора. Ауылдағы су ішуге жарамай қалды, ластанып, сарғайып кеткен. Тұрғындар Өскеменнен су тасып ішіп отыр. Қасымыздағы қалалық қоқыс полигонының иісі мен ауылға желден шашылған целлофан пакеттері аз болғандай, енді, міне, 2005 жылдан бері шошқа қораның зардабын тартып келеміз. Тұрмыстық қалдықтарды өңдейді деп ауыл шетіне салған зауыттың өзі қоқыстың астында қалды. Істемейді. Шошқа фермасын әкесі мен ұлы Митиндер бірге басқарады. Бір-біріне үнемі ауыстырып отырады. Міне, қазір сәуір айы, күн салқындау болса да, қан-жынға үймелеген көк шыбын ауылда көз аштырмайды. Көрген күніміз осы, өзіміз де ауруға шалдықтық. Балалардың болашағына қиын, ауру жұқтыруы да мүмкін, – дейді Степной ауылының тұрғыны Жанар Оспанова.

Ал Степной ауылы Глубокое ауданына қарайтындықтан, Өскемен қалалық әкімдігінің оған бас ауыртқысы жоқ. Жиынға келген Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Ирина Смиттің айтуынша, қалалық әкімдік тек ауызсу, тұрмыстық қалдықтар және жол мәселесіне, Лесхоз бен Шмелов Лог ауылына ғана жауапты. Осы мәселелер бойынша тұрғындармен әкімдікте кездесіп, мәселелерді бірге талқылау керектігін, оған дайын екендіктерін жеткізді. Болашақта ауылдарда су құбыры салынбақ.  

Сот шешіміне пысқырмай отыр 

Естеріңізге сала кетейік, Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2022 жылғы 21 қарашадағы №6309-22-00-2/3005 шешімімен ШҚО бойынша экология департаментінің «Митин А.Б.» ЖК-ға талап-арызы негізінде Өскемен қаласының Шмелов Лог ауданындағы шошқа фермасының және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметі тоқтатылған болатын. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, оның алдында 2006 жылы да ферманың жұмысын тоқтату туралы сот шешімі болған, бірақ ол орындалмаған. Сонда "соттың өзіне бағынбайтын неткен кәсіпкер, тірегі кім оның?" деген заңды сұрақ туындайды. Тіпті, керісінше, соттың шешіміне наразылық білдіріп, қарсы шағым да түсіріпті. Бірақ онысынан түк шықпаған. 

 

Алайда Лесхоз тұрғындары әлеуметтік желілерде бұл жолғы да сот шешімінің орындалмағаны туралы хабарлап, облыстық экология департаментіне ауылдағы сою цехына қатысты нақты шаралар қабылдауды сұрап тағы да хабарласқан. Мәселені кездесу барысында ауа райының қолайсыздығына қарамастан, түрлі сала мамандары алдында тағы да көтерді.

 

  – Сою цехына іргелес аумақты тексеру барысында тұрғындардың дәлелдері расталды, «Митин А.Б.» жеке кәсіпкерлігі шошқаларды ұстауды жалғастыруда және оның учаскесінен шошқа нәжісімен ластанған еріген қар суы ағып жатыр, атмосфералық ауада шошқа фермасынан шығып жатқан адам төзгісіз иіс бар, оның құрамындағы заттар адам денсаулығына зиянды. Осыған байланысты, жергілікті тұрғындармен кездесу нәтижелері бойынша және ұсынылған материалдар негізінде Экология департаменті Әділет департаментіне Өскемен қаласының Шмелов Лог ауданындағы шошқа фермасының және Лесхоз кентіндегі сою цехының қызметін тоқтату туралы атқарушылық іс қозғауға қайта бастамашылық жасайды, – деді ШҚО экология департаментінің мемлекеттік бас маманы Ақнұр Құнафина. 

Тоқтаған іс қайта қозғалды 

  Ал облыстық әділет департаментіндегілер тексеру барысында фермада талпақ танаулардың болмағанын айтады.

  – Осыдан кейін Өскемен қаласы бойынша сот актілерін орындау бөлімінің мемлекеттік сот орындаушысы Е.Қуанышбаев сот шешімінің орындалуына байланысты 2023 жылдың 4 сәуірінде өз қаулысымен атқарушылық іс жүргізуді тоқтатты. Оған Степное және Лесхоз кенттеріне шошқа фермасына баруы қажет болған. Фотоматериалдарға сәйкес шошқа фермасында жануарлар шын мәнінде жоқ болды. Тексеру кеткен соң жұмысын қайта бастауы да мүмкін. Қазір сол сот орындаушы еңбек демалысында. Ал біз тұрғындар және экологтар шағымына орай тексеруді қайта бастайтын боламыз, – деді Шығыс Қазақстан облыстық әділет департаменті атқарушылық өндірісті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Нұржан Құрманғалиев.

 

  – Ол кәсіпкер тексеруге келген бұрынғы сот орындаушыны алдап, басқа, мына төменгі жақта тұрған ескі үш қорасын көрсеткен. Ол қоралар үнемі бос тұрады. Әйтпесе, сегіз мың бас шошқаны бір күнде қайда апарып жасырады, ойлап көрсеңіздер. Ал мына кірпіштен салынған жаға жаққа әкелген жоқ тексерушілерді. Сол себепті сот орындаушы шошқалар жоқ деп істі тоқтатқан, нақтысын білмеген, – дейді Лесхоз ауылының тұрғыны Күләш Сүлейменова есімді азаматша.

Ауаны да, жерді де, суды да ластап отырған кәсіпкердің өзі төбе көрсетпек түгілі, байланысқа да шықпады. Тұрғындардың айтуынша, үнемі солай істеп, тіпті «менің фермам жұмысын тоқтатпайды» деп мысқылдап, жұмысшылары арқылы тұрғындарға сәлем де жолдап жіберіпті.

 

  Материал дайындалып жатқанда Глубокое аудандық мәслихатының осы ауылдар бойынша жаңадан сайланған депутаты Алтай Қалиғожин Степное, Лесхоз, Шмелов Лог ауылдарының тұрғындарымен байланысқа шығып, бұл мәселемен тікелей айналысатынын жеткізген. Тіпті құқық қорғау өкілдерімен бірге арнайы барып, шошқа фермасын аралап, көзімен көріп те қайтыпты. Айтуынша, басқа сот орындаушы тағайындалып, тоқтатылған іс қайта жанданбақ.

 

Бұдан бөлек, жоғарыда аты аталған Жанар Оспанова есімді тұрғын тілшілермен болған кездесуден кейін ауылдастарының атынан арнайы арыз-шағым жазып, облыстық әкімдікке және облыстық прокуратураға өткізгенін айтады.

   

Бұл мәселе жауапты құзырлы мекемелер тарапынан ерекше бақылауға алынды. Бұқаралық ақпарат құралдары да шошқа фермасына қатысты жағдайды тұрақты назарда ұстайтын боламыз.

 

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив