ШҚО шаңғышылары топ жарды
Сурет: ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы
Риддерде шаңғы жарысынан жастар арасындағы Қазақстан чемпионатының екінші кезеңі аяқталды.
Жарыс қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының құрамасы тамаша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық бірінші орынды жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының ақпаратыне сүйенсек, екі күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша аралас командалық спринтте сынға түскен Ілияс Исабек пен Ирина Тятованың жұбы үшінші нәтиже көрсетті. Осы ретте, жерлестеріміздің классикалық жүріс бойынша өткен сайысқа қатысқанын айту керек.
Сондай-ақ шығысқазақстандық шаңғышылар спринтте де үздіктер қатарынан көріне білді. Мәселен, жасөспірім қыздар арасында ұйымдастырылған сайыста Дарья Рахманова, Виолетта Митропольская, Ангелина Лимар мен Виктория Колесникова төрттігі топ жарса, ұлдар бәсекесіне қатысқан Сұлтан Базарбеков, Григорий Дачкин, Павел Гренц пен Дастан Қалибековтен құралған команда жүлделі үшінші орынға ие болды.