Жерлестеріміз құрлықтық доданың төрт медалін жеңіп алды

Фото: ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасы
Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында өткен семсерлесуден кадеттер арасындағы Азия кубогы үшін додада шығысқазақстандық спортшылар тамаша нәтиже көрсетті.
ШҚО денешынықтыру және спорт басқармасының ақпараты бойынша, үш күнге созылған жарысқа Гонконг, БАӘ, Сауд Арабиясы, Оман, Иордания, Өзбекстан, Қазақстан сияқты Азия елдерінің жас семсерлесушілері қатысып, өзара мықтыны анықтады. Сары құрлықтың кіл мықтысы сынға түскен байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен шығысқазақстандық спортшылар намысты қолдан бермей, төрт бірдей медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Атап айтсақ, облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі Кирилл Проходов ұлдар арасындағы жеке біріншілікте қарсылас шақ келтірмей, бірінші орынға ие болды. Осы ретте, Кириллдің қылышпен семсерлесу сайысына қатысқанын айта кеткен орынды. Дәл осындай санаттағы біріншілікте өнер көрсеткен тағы екі жерлесіміз – Әмина Саматова (жекелей сын, екінші орын) мен Кристина Красикова (жекелей сын, үшінші орын) да үздіктер қатарынан көріне білді.
Ал шпагамен семсерлесу сайысында шеберлік байқасқан қос мықтымыз Айзере Нұрқанова мен Кристина Красикованың жұбы командалық біріншілікте екінші орынға табан тіреді.