Қашықтан жұмыс істеуге сұраныс артты
Соңғы жарты жылда Қазақстанда қашықтан жұмыс істегісі келетіндердің саны 4,5 есе артқан. Сұранысқа сай осы бағытта ұсыныс та жоғары. Салыстырмалы түрде айтатын болсақ, 2020 жылға қарағанда биылғы бірінші жарты жылдықта қашықтан жұмыс істеу форматындағы ұсыныстар саны 44%-ке көп.
Бұл «HeadHunter Казахстан» сайтында жарияланды. Биыл шілдеде Ұлттық статистика бюросы қашықтан жұмыс істейтін қызметкерлер санын статистикалық есептерге жаңа индикатор ретінде енгізді. Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл санат жұмыспен қамтылған халықтың жалпы санының шамамен 1% құрайды. Хабарландыру сайтындағы көптеген мамандықтар цифрлық сауаттылықтың болуын талап етеді. Ондағы ең жиі кездесетін бос жұмыс орындары – телефонмен сауалнама жүргізетін оператор, дизайнер, репетитор, SMM маманы және сауда менеджері. Ал Tik Tok роликтерін қарайтын маман, футбол сарапшысы, фитнес брендтің амбассадоры сынды вакансиялар көп емес. Жұмыс берушілер 75 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін, кей хабарландыруларда тіпті 1 млн теңгеге дейін жалақы ұсынады.