ШҚО-да «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы жалғасуда
Фото: ШҚО ӨКҚ
Шығыс Қазақстан облысында 10 сәуір мен 6 мамыр аралығында «Жасөспірім» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Бұл науқан – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыс, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Іс-шара туралы облыстық Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы, полиция полковнигі Орал Рыспаев Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында мәлімдеді.
Мақсат – кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, жастардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың қылмыстық ортаға тартылуына жол бермеу. Іс-шара аясында мектеп оқушылары мен колледж студенттерінің арасында құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасыз жүрмеуі, ойын-сауық орындарында болмауы, алкоголь өнімдерін тұтынбауы – басты назарда.
Сонымен қатар жедел шара жасөспірімдер арасындағы есірткі мен заңсыз қару айналымының, қылмыстық топтарға тартудың алдын алуға бағытталған. Интернеттегі балаларға қауіп төндіретін контентті анықтау мен киберқылмыстармен күрес те маңызды бағыттардың бірі болып отыр.
Бүгінгі күнге дейін өңірдің білім беру мекемелерінде құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған 383 іс-шара және киберқауіпсіздік мәселелері бойынша 132 дәріс өткізілген.
Жедел-алдын алу жұмыстары алғашқы нәтижелерін көрсетті: аталған кезең ішінде полиция бөлімшелеріне 473 жасөспірім жеткізілді, 479 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бұдан бөлек, 27 жасөспірім мен 27 отбасы профилактикалық есепке алынды.
Жас ұрпақтың болашағы – қоғамның басты байлығы. Сондықтан мұндай профилактикалық шаралар – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті.