Азаматтарға тәулік бойы заңгерлік қолдау: Чат-бот іске қосылмақ

Фото: pexels.com
Үкімет отырысында Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов азаматтарға заңгерлік кеңес беру ісін автоматтандыру мақсатында чат-бот енгізуді жеделдетуді тапсырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Отырыста Премьер-министр заң консультанттарының қызметін реттеу аясында мамандарға қойылатын талаптарды қайта қарауды тапсырды. Оның ішінде:
- Біліктілік талаптарын күшейту;
- Қазақстан азаматтығына қойылатын талаптарды нақтылау;
- Қызметтің бірыңғай стандарттарын белгілеу мәселелері қарастырылады.
Келісілген ұсыныстар 2024 жылдың бірінші жартыжылдығының соңына дейін Үкіметке енгізілуге тиіс. Олжас Бектенов құқықтық ағартудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, әрбір азаматқа қажетті құқықтық ақпарат қолжетімді әрі түсінікті форматта ұсынылуға тиіс. Осы мақсатта:
- «Әділет» ақпараттық жүйесі;
- Эталондық бақылау банкі;
- «E-ZanKomegi» және «eOtinish» жүйелері одан әрі дамытылып, жаңғыртылатын болады.
Қазіргі уақытта «E-ZanKomegi» жүйесінде 2 мыңға жуық адвокат пен заң консультанты тіркелген. Бұл жүйе азаматтарға тәулік бойы құқықтық көмек көрсететін бейнеконсультацияларды қамтиды.
Құқықтық кеңес беру ісін жеңілдету мақсатында чат-бот енгізу үдерісін жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар, Әділет министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп:
- ІТ саласындағы тәжірибелі мамандарды тарту;
- Бюрократиялық кедергілерді азайту;
- Бизнес-процестерді реинжинирингтеу бойынша жұмыстарды жалғастыруы қажет.
Аталған шаралар азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттырып, заңгерлік көмек алуды барынша қолжетімді әрі ыңғайлы етеді.