Тұрғын үй реформасы: заңға қандай өзгерістер енгізілмек?

pixabay.com
Мәжілісте депутаттар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын басқару саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады. Атап айтқанда, Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу, сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске тиісті түзетулер қарастырылған, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
2023 жылдың сәуір айында ел Президенті тұрғын үй-коммуналдық саладағы жағдайды сынға алған еді.
Сол кезде Мемлекет басшысы әкімдерге, Үкіметке және барлық деңгейдегі депутаттарға кешенді әрі жүйелі шешім қабылдауды тапсырды. Бүгінде қабылданған заң жобалары осы тапсырманы жүзеге асыру жолындағы маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.
Заң жобаларымен мынадай негізгі өзгерістер ұсынылған:
- ПИК-тердің басқарушы субъект ретінде қызметін реттеу (қайта тіркеу тәртібі, құжаттарды беру тәртібі енгізіледі);
- Кондоминиум нысанының ортақ мүлкін басқару және күтіп-ұстау функцияларын біріктіру;
- Тұрғын үй инспекциясының құзыреті мен функцияларын кеңейту;
- Кондоминиум басқарушы субъектілерінің қызметін цифрландыру (ТҮКШ саласындағы мемлекеттік ақпараттық жүйеде міндетті тіркеу, ай сайынғы есепті орналастыру);
- Көппәтерлі тұрғын үйді басқару формасы ретінде жай серіктестікті алып тастау;
- ПИК (тұрғын емес үй-жайлар) салық салу тәртібін реттеу, оларды коммерциялық емес ұйым ретінде тану;
- ПИК-ті (тұрғын емес үй-жайлар) ҚҚС-тан босату (кондоминиум нысанын басқаруға қатысты қызметтер бойынша);
- Кондоминиум нысаны бойынша ағымдағы және жинақ шоттарын уақтылы ашпағаны үшін және ай сайынғы, жылдық есептерді тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейту;
- Құрылыс салушы немесе кондоминиум нысанын басқару функцияларын орындайтын жеке және заңды тұлғалар тарапынан тұрғын үй заңнамасында көзделген құжаттарды ұсынбағаны үшін жауапкершілік белгілеу.
Бұл жаңалықтар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы құқықтық мәселелерді жүйелеуге және құрылыс салушылар тарапынан болатын құжаттарды кешіктіру сияқты заңбұзушылықтарға тосқауыл қоюға бағытталған.
Тағы бір маңызды өзгеріс – ПИК енді басшылары үшін «қалтаны толтыру құралына» айналмайды. Пәтер иелері кооперативтерінің кірісін өзара бөлісуге тыйым салынады – барлық қаражат тек шаруашылық қажеттіліктерге жұмсалуға тиіс.
Барлық ПИК міндетті түрде қайта тіркеуден өтіп, жаңа жарғыларын қабылдап, тек коммерциялық емес ұйым ретінде жұмыс істеуге тиіс болады.
Заңдар күшіне енгеннен кейін көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару үш түрлі тәсілмен жүзеге асырылады:
- Өзін-өзі басқару – тұрғындар арасынан төраға сайланатын МИБ арқылы.
- Кәсіби басқарушы – жалдамалы маман басқарады, ал МИБ төрағасы бақылау жүргізеді немесе барлық міндеттер арнайы басқарушы компанияға беріледі.
- Уақытша басқару – егер тұрғындар өз үйлерін басқару ісімен айналыспаса, жергілікті атқарушы органдар уақытша басқарушы тағайындай алады.
Андрей Дудник