Ұлттық құрылтай: ШҚО-да денсаулық сақтау инфрақұрылымы дамып келеді (видео)

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысында медициналық инфрақұрылымды дамыту – ел болашағы үшін стратегиялық маңызды бағыт екенін ерекше атап өтті. Бұл тапсырма бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылып жатыр. Шығыс Қазақстан облысында да бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бас маманы Арайлым Кенжеғұлованың айтуынша, өткен жылы ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі ұлттық жоба аясында облыс бойынша 18 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталған.
Сондай-ақ ол дене шынықтыру-сауықтыру инфрақұрылымының дамуына да тоқталып өтті. Былтыр Тарбағатай ауданындағы Тұғыл ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілген. Ал биыл облыс көлемінде алты спорт нысанының құрылысы жалғасуда.
Медицина мен салауатты өмір салты – қоғамның басты байлығы. Шығыс Қазақстандағы бұл бағыттағы жүйелі жұмыс Президент тапсырмасының нақты орындалып жатқанын білдіреді.