ШҚО-да орман қорына авиациялық қорғау жүргізіледі

Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде жүргізіліп жатқан табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары туралы баяндады, деп хабарлайды Altaіnews.kz тілшісі Үкіметке сілтеме жасап.
Ол Шығыс Қазақстан облысында еліміздегі ең ірі орман алқаптары орналасқанын, бұл өртке қарсы қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударуды талап ететінін атап өтті.
Жыл басынан бері облыс бойынша жалпы ауданы 237,3 гектар болатын 14 өрт оқиғасы тіркелді. Оның ішінде мемлекеттік орман қоры жерлерінде 179 гектар алқапта өрт тіркелді, оның 4,3 гектары – орманмен көмкерілген жерлер.
Орман мекемелері мен ТЖД күштерімен өрт жедел түрде жойылды. Өрт гегізгі орман алқаптарына өрт жіберілмеді.
Әкім табиғи өрттердің алдын алу жұмыстары кешенді әрі жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті. Облыста орман қорын авиациялық қорғау қамтамасыз етілді. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ елді мекендерде 48 өрт сөндіру бекеті ашылып, 9 ерікті жасақ құрылды. Қосымша Алтай және Марқакөл аудандарында екі жаңа өрт сөндіру бекетінің құрылысы басталды.
136 тонна дизель мен 369 тонна бензин мөлшерінде жанармай қоры дайындалды. Жеке құрамда 3163 адам, 535 бірлік техника, 6 мыңнан астам өрт сөндіру жабдықтары мен 12 дрон бар.
Өткен жылдың күзінен бастап санитарлық кесу, орман алқаптары мен өртке қарсы жолақтарды тазарту, әсіресе елді мекендер мен электр беру желілерінің маңында қураған жапырақтар мен ағаштарды және қураған шөптерді өртеу, тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Биылғы жоспар бойынша 62 км минералданған жолақтарды жырту, жалпы ұзындығы 540 км минералданған жолақтарға күтіп-баптау жұмысы жүргізіледі.
Өңірде өртке қарсы техника паркі үнемі жаңартылып отыратыны атап өтілді. Былтыр 202,5 млн теңгеге 5 шынжыр табанды трактор сатып алынды. Биыл сатып алынғаны 65 бірлік өртке қарсы техника. Қосымша 3,9 млрд теңгеге «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы лизингтік қаржыландыру шеңберінде тағы 110 техника сатып алу көзделген.
Сондай-ақ байланыс құралдары сатып алынады, орман күзеті қызметкерлерін оқыту және қайта даярлау жүргізіледі. Атап айтқанда, облыстағы орман күзетінің 129 қызметкері ШҚО ТЖД жанындағы Азаматтық қорғау академиясында оқытылды.
5 сәуірден бастап Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында облыс бойынша елді мекендерді қоқыс пен құрғақ шөптен тазарту жұмыстары басталды.
Фото: Үкімет