KZ
Өскемен
-4°
снег жел 4 м/с, В
517.66 606.49 6.44

Халықаралық фестиваль: сахалық жас әнші Архан Уйгу көрерменді тәнті етті

15.06.2025, 12:50 320 Ержан Әбіш

 

Катонқарағайда өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінде алты жасар сахалық әнші Архан Уйгу үш тілде ән шырқап, ерекше ықыласқа бөленді. Жас өнерпаз сахна төрінде «Домбыра» атты туындыны қазақ, саха және ноғай тілдерінде орындап шықты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Фестивальде өнер көрсеткен Арханға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов арнайы сыйлық – қазақтың ұлттық аспабы домбыраны табыстады. Өз кезегінде кішкентай әнші мен оның ата-анасы бұл кездесуден алған әсерімен бөлісті:

– Біз Қазақстанда алғаш рет емеспіз, бұған дейін де келгенбіз. Бірақ Алтай жерінің жылы шырайы, бауырмал халықтың ықыласы ерекше сезіледі. Бұл бауырлас халықтардың тереңде жатқан ортақ тарихын еске түсіреді. Мұнда біздің ортақ ата-бабаларымыз өз заманында көшіп-қонып жүргені анық сезіледі. Табиғаты тамаша, ән мен күйдің отаны екені бірден байқалады, – деді Арханның әкесі.

Архан Уйгу сахна төрінде ноғай композиторы Арсланбек Сұлтанбековтің «Домбыра» әнін орындады. Көпшілік үш тілде айтылған әнді жылы қабылдап, ұзақ қол соқты. Фестиваль қонақтары мен қатысушылары баланың өнеріне тәнті болды.

– Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Қонақтар өте көп, қатысушылар да баршылық. Бізді өте жақсы қарсы алды. Әндер мен билер, әсіресе қазақтың ұлттық өнері ерекше әсер қалдырды, – деді сахалық делегация өкілдері.

Фестиваль түркі халықтарының бауырластығын, ортақ мәдениетін насихаттауға бағытталған. Архан Уйгу секілді өрендердің өнері – сол мақсаттың нақты көрінісі. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу