KZ
Өскемен
пасмурно жел 3 м/с, З
505.53 593.44 6.34

Швецияда тұратын поляк саяхатшы Алтай үшін Қазақстанға арнайы келген

13.06.2025, 15:40 318 Төлеуғазы Жансая

Катонқарағайда өтіп жатқан «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестиваліне шетелден келген қонақтар да қызығушылық танытуда. Олардың бірі – Польшада туған, бүгінде Швецияда тұратын Виктор Сачава. Табиғат пен түркі мәдениетіне қызығушылық танытатын саяхатшы фестиваль аясында ұлттық ойындарды тамашалап, қазақтың қонақжайлығына риза болғанын айтып берді, деп хабарлайды  Altainews.kz тілшісі.

 

Ол – табиғат пен түркі әлемінің тарихына қызығушылық танытып, арнайы осы фестивальге келген қонақтардың бірі.

– Мен Виктор, Польшадан келдім. Үш күн Алтай тауларында болдым, керемет әсер алдым. Бүгін Катонқарағайда өтіп жатқан фестивальді тамашалап жатырмын. Жергілікті тұрғындар мені ұлттық спорттық ойындарды көруге кеңес берді. Қазір алаңда «Алтай жоба» командасының ойынын бақылап отырмын, – дейді ол.

Виктор Қазақстанға алғаш рет келіп отырғанын және мұндағы табиғат пен адамдардың қонақжайлығына ерекше тәнті болғанын айтады. Айтуынша, ол орыс тілін өз бетінше үйренген, славян тілдеріне қызығушылығы үлкен. Ал қазақ тілін әлі білмегенімен, Қазақстан мәдениетіне құрметпен қарайтынын жеткізді.

– Ойын ережесін толық білмесем де, бұл – өте динамикалық, тартысты спорт. Көруге қызық. Жалпы, фестиваль маған қатты ұнады. Мұнда көп нәрсе болып жатыр. Адамдар өте мейірімді. Табиғаты ғажап, көркем мекен екені анық. Қалалар ішінде Алматы өңірін көргім келеді, болашақта тағы келемін деп үміттенемін, – дейді ол.

Сұхбат соңында шетелдік мейман қазақтың ұлттық тағамдарына да тоқталып өтті.

– Бешбармақты жеп көрдім. Барлығы өте дәмді, әсіресе ет тағамдары ерекше ұнады. Қазақстанда еттің дәмі бөлек екен, – деді ол.

Айта кетейік, «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль аясында ұлттық ойындар, ақындар айтысы, ғылыми конференциялар мен мәдени шаралар ұйымдастырылуда. Бұл – тек жергілікті емес, халықаралық деңгейдегі қатысушылар үшін де рухани жаңғыру алаңы болып отыр.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу