АҚШ азаматтығы – бұрынғыдай автоматты түрде берілмейді
depositphotos.com
Америкада енді елге заңсыз келген мигранттардың балалары автоматты түрде АҚШ азаматтығын ала алмауы мүмкін. Жоғарғы сот жақында осыған қатысты маңызды шешім қабылдады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Евроньюс порталына сілтеме жасап.
Нақтырақ айтқанда, Жоғарғы сот Дональд Трамптың елге жаңадан келген мигранттардың балаларын азаматтықтан шектеуге бағытталған жарлығын қолдады. Бұған дейін федералды соттар бұл жарлықтың күшіне енуіне мүмкіндік бермей, оны ел аумағында уақытша тоқтатып келген болатын. Алайда Жоғарғы сот судьялары федералды деңгейдегі судьялар барлық ел бойынша жарлықтың күшін тоқтата алмайды деген шешімге келді.
Бұл шешім бір ауыздан қабылданған жоқ: 6 судья қолдап дауыс берсе, 3-еуі қарсы шықты. Енді төменгі соттар өз шешімдерін қайта қарауы керек. Бірақ Трамптың жарлығы заңға сай ма, жоқ па деген сұрақты Жоғарғы сот әзірге қараған жоқ.
Трамп бұл жаңалықты «үлкен жеңіс» деп атады. Ол Конституцияны «радикалды судьялардың» ықпалынан қорғап қалғанын айтты және осы шешім үшін өзі тағайындаған Жоғарғы сот судьясы Эми Кони Барретке алғыс білдірді.
Сонымен қатар Жоғарғы сот тағы бір шешім қабылдап, елде құжатсыз жүрген, бірақ түрлі себептермен еліне қайтарылмайтын мигранттарды үшінші елдерге депортациялауға рұқсат берді. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі бұл шешімді «қауіпсіздік саласындағы жеңіс» деп бағалап, енді көші-қон рейстерін кедергісіз бастауға дайын екенін мәлімдеді.