1 шілдеден бастап елімізде қандай өзгерістер болады?

stock.adobe.com
2025 жылдың екінші жартыжылдығы басталысымен Қазақстанда бірқатар жаңа ереже мен жаңалықтар күшіне енеді. Оның ішінде сот жүйесіндегі реформалар, медициналық төлем жүйесінің жаңаруы, балабақшаға ваучер арқылы төлеу, кей тауар бағасының көтерілуі сынды өзгерістер бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.
Сот саласында жаңашылдық
1 шілдеден бастап елдегі сот жүйесіне бірқатар өзгеріс енеді. Президенттің "Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы" Конституциялық заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, сот қазылар алқасының құрамы мен жұмыс тәртібі жаңарады. Енді 13 судья мен кеңесшіден құралған алқа сот процестерінде қабылданған шешімдердің заңдылығын бақылап, әділ шешім қабылдануын қамтамасыз етпек.
Сонымен қатар, азаматтық және қылмыстық істер бойынша үздіксіз кассациялық шағым жүйесі енгізіледі. Бұл азаматтардың сот актілеріне қатысты шағымдарды қайта қарату жолын жеңілдетпек.
Медициналық төлем жүйесі өзгерді
1 шілдеден бастап Қазақстанда медициналық көмекке ақы төлеудің бірыңғай жүйесі іске қосылады. Бұған дейін Ақмола облысында сынақ ретінде басталған бұл жүйе енді еліміздің барлық өңірлерінде қолданылады.
Жүйе медициналық қызметтердің ашықтығын қамтамасыз етіп, қажетсіз шығындарды азайтуды көздейді. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл тәсіл арқылы қаржыландыру әділ әрі сапалы емге қолжетімділік қамтамасыз етіледі.
Банк саласындағы өзгерістер
1 шілдеден бастап барлық екінші деңгейлі банктер мен “Қазпошта” клиенттерінің шоттары туралы есепті Ұлттық банкке жолдай бастайды. Мәліметтер шифрланған түрде беріледі, бірақ қажет жағдайда шот иелерінің ЖСН немесе БСН ақпараттарын АРРФР сұрау арқылы ала алады.
Газ бағасы аймаққа қарай өзгереді
Ірі тұтынушылар үшін газ бағасы айтарлықтай өзгерді. Ең жоғары баға Алматы қаласы мен Жетісу облысында – 76 686 теңге. Ал ең төменгі баға Шығыс Қазақстан облысында белгіленген – 13 069 теңге.
Энергетика министрлігі хабарлағандай, ОПЕК+ шеңберінде Қазақстанда мұнай өндіру тәулігіне 1,514 млн баррельге дейін арттырылады.
Кей тауар мен темекі қымбаттайды
1 шілдеден бастап кейбір тұтыну тауарларының бағасы көтерілді:
- Күнбағыс майы – 61,2%-ке қымбаттап, ең төменгі бағасы килограмына 594 теңге болды;
- Ұн мен жұмсақ бидай – 45%-ке қымбаттады;
- Тауық жұмыртқасының ең төменгі бағасы сәл төмендеді – 39,38 теңгеден 37,8 теңгеге.
Сондай-ақ темекінің ең төменгі бөлшек сауда бағасы 870 теңгеден 920 теңгеге өсті. Қаржы министрлігі бұл шара темекі шегуді азайтуға және көлеңкелі нарықпен күресуге бағытталғанын айтады.
Тұрғын үй төлемінің жаңа ережелері
2025 жылдың 1 шілдесінен бастап прокуратура, азаматтық қорғау және экономикалық тергеу органдарының қызметкерлеріне тұрғын үй төлемін алу құқығы кеңейтілмек. Жаңа өзгеріс бойынша 20 жылдан астам еңбек өтілі бар мамандарға мемлекеттік тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіру мүмкіндігі қарастырылады.
Жаңа әуе бағыттары ашылады
Шілденің басынан бастап бірнеше жаңа халықаралық рейстер ашылады. 2 шілдеден бастап Петропавлдан Шарм-эль-Шейхке, ал Шымкенттен Қытайдың Сиань және Үрімші қалаларына тұрақты ұшулар іске қосылады. Рейстер аптасына екі рет орындалады.