Мәжіліс депутаты Асылбек Нұралин Үлбі металлургия зауытының ұжымымен кездесті
1 шілде күні Парламент Мәжілісінің депутаты Асылбек Нұралин Шығыс Қазақстан облысына іссапармен келді. Сапар аясында ол өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, мекемелердің еңбек ұжымдарымен кездесті. Жұмысшылардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, өзекті мәселелер бойынша ашық диалог құрды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін Мәжіліс депутаты Өскемен қаласындағы еліміздегі ірі өндіріс ошақтарының бірі – Үлбі металлургия зауытына барды. Депутатқа зауыттың музейі көрсетіліп, кәсіпорынның тарихы мен өнімдері таныстырылды.
Халық қалаулысы зауыттың әлеуметтік жауапкершілік бағытында атқарып отырған жұмыстарына да жоғары баға беріп, кәсіпорынның әлеуметтік нысандар мен халықтың әлсіз топтарына көрсетіп жатқан қолдауы үшін алғыс айтты.
Музеймен танысып шыққан соң депутат зауыттың еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Жиында Мемлекет басшысының халықтың өмір сапасын арттыруға қатысты тапсырмаларын еске сала отырып, депутат өзінің де осы бағытта еңбек етіп жүргенін жеткізді.
Депутат сондай-ақ қазіргі кезде цифрландыру үдерісінің халықты жұмыссыз қалдыру қаупін тудырмауы керектігін айтты. Осыған орай Мәжіліс депутаттары ірі кәсіпорындармен диалог орнатып жатқанын атап өтті.
Кездесу барысында зауыт жұмысшылары бірқатар ұсыныстарын жеткізді. Олар облыста уақыт белдеуін бұрынғы кестеге қайтару, Өскеменде жаңа көпір салу және №4 трамвай бағытын қайта іске қосу мәселелерін көтерді. Сонымен қатар жұмыс істейтін тұрғындарға экологиялық төлемдерді экологиялық куәліктің бар-жоғына қарамастан төлеуді ұсынды.
Елизавета Седых
Фото: Жәнібек Ырысбай














