Мәжіліс депутаты Өскемендегі әлеуметтік нысандарды аралады
Мәжілісі депутаты Асылбек Нұралин Өскемен қаласындағы бірқатар әлеуметтік нысандарға барды. Халық қалаулысы “Ғажайыптар елі” атты жекеменшік балаларды түзету және оңалту орталығында және Өскемен қалалық №1 ауруханасында болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
“Ғажайыптар елі” орталығы ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы бағдарламаларды жүзеге асырады. Мұнда түзету бағытына бейімделген балабақша, бастауыш мектеп және 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларға арналған жартылай стационар бар.
Орталық директоры Лилия Мамбурова мекеме жекеменшік болғанымен, мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті. Ол депутатқа психикалық ауытқуы бар балаларға арналған дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесін көтерді:
Асылбек Жұмашұлы бұл мәселені Үкімет деңгейінде көтеруге уәде беріп, осындай мекемелерді қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Бұдан соң депутат Өскемен қалалық №1 ауруханасына ат басын бұрып, медициналық персоналмен кездесті. Дәрігерлер, медбикелер мен кіші қызметкерлер өз ұсыныстары мен түйткілді мәселелерін ортаға салды. Соның ішінде клиникалық-шығын топтары бойынша тарифтер бекітілгенімен, коммуналдық төлемдер мен дәрі-дәрмектің қымбаттауы салдарынан мекеменің қаржылық қиындықтарға тап болып отырғаны айтылды.
Медициналық ұжымның ұсыныстарының бірі қалада үй-жайы жоқ азаматтарға арналған арнайы орталық ашу болды. Ақ халаттылардың айтуынша, мұндай азаматтар күн сайын ауруханаға жеткізіліп, осында түнеуге мәжбүр болады. Бұл өз кезегінде өзге науқастарға қолайсыздық туғызуда.
Роксана Глыбова
Фото: Жібек Нұрахмет
Видео: Евгений Щетников













