Қазақстан ІІМ Интерполы адам саудасының алдын алды

Қазақстан ІІМ Интерпол бөлімшесі азаматшамызды шетелде қылмыстық еңбек қанауынан аман алып қалды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қазақстандық бойжеткен Камбоджаға қонақүй әкімшісі ретінде жұмысқа орналасу үшін барған. Алайда барғаннан кейін бұл ұсыныстың артында қылмыстық пиғыл жатқанын түсінген.
Қазақстан ІІМ Интерпол бөлімінің жедел әрекет етуінің арқасында бойжеткенді құтқару мүмкін болды. Ведомство Камбоджадағы Интерполдың ұлттық бюросына және Интерполдың адам саудасына қарсы күрес тобына дереу сұрау салып, нәтижесінде отандасымыз дер кезінде босатылып, елге қайтарылды.
Қазіргі кезде қылмыстық әрекетке қатысы бар адамдарды анықтап, жауапкершілікке тарту бойынша тергеу амалдары жалғасуда.
Бұл оқиға халықаралық ынтымақтастықтың адам саудасына қарсы күрестегі тиімділігін көрсетеді. Бұған дейін Қазақстанның ішкі істер министрі Ержан Сәденов Франциядағы Интерполдың штаб-пәтеріне барып, қауіпсіздік шараларын күшейту жолдарын талқылаған болатын.
Сондай-ақ Қазақстан Интерполдың адам саудасына қарсы бағытталған «Либертерра II» операциясына да қатысуда. Осы операция аясында Лаоста қамалып отырған тағы бір қазақстандық әйел құтқарылып, елге қайтарылған еді.
ІІМ шетелдегі жұмыс ұсыныстарын қабылдамас бұрын абай болуға шақырады. Күмәнді ұсыныстарды қабылдамай, ресми ақпарат көздерінен кеңес алу – қауіпсіздіктің басты кепілі.