KZ
Өскемен
+24°
пасмурно жел 2 м/с, ОБ
518.97 607.3 6.64

Күймен көмкерілген күн: Алтай ауданындағы Домбыра мерекесі

6.07.2025, 11:30 140 Ержан Әбіш

 

Домбыра – Қазақстанның рухани мұрасы, халық даналығының, музыкалылығы мен ұлттық сананың көрінісі. Осы орайда Алтай ауданы Домбыра күніне орай ауқымды шаралар ұйымдастырып, рухани мерекеге лайықты деңгейде әзірленді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова мерекенің мән-маңызына тоқталып, былай деді:

– Домбыра – халқымыздың рухани мұрасының басты символы. Ол – ұлттың даналығы мен рухани биігін көрсететін киелі аспап. Осы тамаша мейрам қарсаңында жастар мен ересектер әлеуметтік желілерде түрлі күй орындап, челленджді дос-жарандарына, жерлестеріне жолдап, ұлттық өнерді насихаттауға белсене атсалысуда.

Домбыраның қазақ мәдениетіндегі орны туралы Нұрайлым Досмамбетова да өз пікірімен бөлісті:

– Домбыра – екі ішекті қазақтың ұлттық музыкалық аспабы. Оның терең тарихи тамыры көне түркі дәуірінен бастау алады. Бұл аспап – халқымыздың руханиятының, тәуелсіздігі мен ұлттық болмысының нышаны.

Нұрайлым домбыраның құрылымы мен жасалу материалы жайлы қызықты мәліметтер айтып қана қоймай, Дина Нұрпейісованың «Тойбастар» күйін орындап, тыңдаушыларға нағыз қазақи үннің ерекше атмосферасын сыйлады.

Алтай ауданы музыкалық мектебінің директоры Елена Вольхина мектеп алдындағы ерекше композиция туралы айтып өтті:

– Музыкалық мектептің кіреберісіне домбыра ұстаған қыз бейнесі орнатылған. Бұл – ұлттық дәстүрге құрмет пен ұрпақтар сабақтастығының белгісі. Ұлттық киім киген домбыралы қыз образы – қазақ мәдениетінің, оның бай музыкалық мұрасы мен жастардың рухани құндылықтарды сақтаудағы рөлін бейнелейді.

Білім және мәдениет мекемелерінде де қазақ мәдениетінің байлығы мен тереңдігін көрсететін арнайы бұрыштар жасақталды. Онда халықтық ою-өрнектер, күйші тұлғалар бейнеленген иллюстрациялар мен аспаптың тарихына қатысты ақпараттық материалдар қойылған.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың өз халқының мәдени тамырын терең түсініп, ұлттық құндылықтарға деген құрметін арттыруға сеп болады.

Ұлттық домбыра күні – ұлтымыздың тарихы мен ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлы күйлерін еске алып, мәдениеттің тұлға қалыптастырудағы рөлін бағамдайтын маңызды күн.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу