KZ
Өскемен
+22°
пасмурно жел 4 м/с, З
518.97 607.3 6.64

Ұрпақтан - ұрпаққа: Өскеменде Домбыра күні қалай аталып өтті?

6.07.2025, 18:40 172 Айна Бакимбаева

 

Бүгін Өскемен қаласындағы Арбат алаңы ұлттық өнердің асыл мұрасымен тербеліп, шын мәніндегі рухани мерекеге айналды. Ұлттық домбыра күніне арналған «Күй-тартыс» музыкалық кеші мен ашық аспан астында өткен «Музыкалық челлендж» қаланың әр түкпірінен келген тұрғындарды бір арнаға тоғыстырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Шара барысында сахнаға алғашқылардың бірі болып, жас күйші Санжар Қайсаров шығып, ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановты күймен қарсы алды. Бұл сәт – шынайы рух пен ізеттіктің көрінісіндей әсер қалдырды. Облыс әкімі қала жұртшылығымен бірге мерекелік кешті тамашалап, өнер иелеріне ризашылығын білдірді.

– Бүгін, міне, жаңбыр себелеп тұр. Бірақ бұл – домбыраның табиғатына жат дүние емес. Керісінше, домбыра – жаңбырлатқан, дауылдатқан, борандатып шертіле беретін ұлттық аспап. Оның үні – табиғатпен үндес, халқымыздың жанымен жарасқан үн. Санжар секілді кішкентай өнерпаздарымыз, еліміздің болашағы осындай ұлттық мұраға адалдық танытып, қасиетті домбыраны қолынан тастамай, күмбірлете шертсе, онда бұл киелі аспаптың үні ешқашан өшпейді. Керісінше, күшейе түседі. Ол бізге рух береді, ұлттық болмысымызды биіктетіп, мәңгілікке қанаттандырады, - деді кішкентай домбырашының өнеріне сүйсінген аймақ басшысы.

Ауа райының күрт бұзылуы, жауын жауғанына қарамастан, күй кеші жалғасын тапты. Кәсіби орындаушылармен қатар әуесқой күйшілер де күй тартысқа шығып, өзара шеберлік байқасты. Байжігіт атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрі Арбаттың ашық алаңын әсем сазға бөлеп, тыңдарманды тәнті етті.

Кештің көркін аша түскен сәттердің бірі – мәдениет саласының үздігі, филармонияның белгілі әншісі Ботагөз Жұмабекованың орындауындағы әсерлі ән болды. Домбыра үнімен үндескен сырлы әуен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Шара барысында жас өнерпаздар да өз таланттарын паш етті. Солардың бірі - Алтай музыка мектебінің оқушысы, Степное ауылынан келген он бір жастағы Дәулет Дәуренұлы алты-жеті күй шертті. 

 — Домбыра тартқанды жақсы көрем. Осы аспапта ойнағаныма үш жыл болды. Қазір Степной негізгі мектебінде домбыра үйірмесіне қатысып жүрмін. Он жетіден астам күй білем. Бүгін өзім алты-жеті күй орындадым. Сүйікті күйлерімнің қатарында – «Көроғлы», «Ерке сылқым», «Адай», «Әлқиса» және «Балбырауын» бар. Бәрі де маған ерекше ұнайды, - деді Дәулет.

Мерекелік кеш барысында бірнеше күй орындалып, күйдің тарихы мен маңызы туралы қысқаша мәліметтер де беріліп отырды. «Күй – елдің жаны. Ол – бабадан қалған аманат, болашаққа бағытталған үн», – дейді ұйымдастырушылар.

Ерасыл Ринатұлы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде домбыра пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар облыстық филармония жанындағы Байжігіт атындағы қазақ ұлттық аспаптар оркестрінің әртісі.

— Жалпы шара ойдағыдай өтеді деп үміттенгенбіз. Бірақ ауа райының қолайсыздығы біраз кедергі келтірді. Оны ескермеген екенбіз. Дегенмен соған қарамастан, керемет сәттер де болды. Мысалы, екі кішкентай баланың күй тартысы мені ерекше таңғалдырды. Олар сахнаға сақтана шығып, шынайы шабытпен күй тартты. Екеуі бір-бірімен сөйлеспей-ақ, күй арқылы жарысты. Бұл – нағыз күй тартыстың көрінісі еді. Біреуі «Балбырауын» тартса, екіншісі оған «Тепеңкөк», «Ерке сылқым» секілді күйлермен жауап қайырды. Осы көріністің өзі өнердің тірі, рухани мұра екенін дәлелдеп тұрды. Бұл – нағыз күй тартыс. Ешқандай жаттанды қозғалыссыз, жүректен шыққан, шабытты күй сайысы болды, - деді ол.

Кеш соңында домбыраның қос ішегінен төгілген әуен Арбатты шын мәнінде елдік пен руханияттың ордасына айналдырды. Бұл мереке тек күй тарту емес, елдің бірлігі мен мәдениетке деген құрметін паш еткен айтулы күн болды.

– Сахнаға шыққан күйшілерге алғыс айтамыз. Олар – күй өнерінің өкілдері, – дейді көрермендер қатарында отырған өнер жанашырлары.

Фото: Махаббат Ахметжанова

Видео: Руслан Акматалиев

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу