Қазанатты дәріптеген азамат: Өскеменде Сәдібек Түгелдің шығармашылық кеші өтті
Өскемендегі Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында көрнекті жазушы, публицист, қоғам қайраткері, жерлесіміз Сәдібек Түгелдің "Өсе бер, өрлей бер, өр Алтайым!" атты шығармашылық кеші өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сәдібек Түгел – қаламын қайраткерлікпен ұштастыра білген тұлға. Сатира, публицистика, тарихи эссе, деректі проза жанрларында қалам тербеген қаламгердің 40-тан астам кітабы жарық көрген.
Ол – халқымыздың қазыналы қазанатын зерттеп, ел руханиятына сүбелі үлес қосып жүрген санаулы тұлғалардың бірі. Осыған дейін жарық көрген «Қайдасың, қазағымның қазанаты?!» деректі повесі мен «Асыл жиреннің киесі» әңгімелер жинағы оқырмандардың ыстық ықыласына ие болған.
Кешке Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысып, кеш иесін облысы әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан арнайы құттықтап, иығына шапан жапты.
Сондай-ақ кешке еліміздің бұрынғы спорт министрі, спорт ардагері Анатөлі Құлназаров, жазушы-публицист Әлібек Қаңтарбаев, самбодан халықаралық дәрежедегі төреші Жанәділ Атаев, қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков бастаған ел азаматтары, қаладағы зиялы қауым өкілдері, жазушының туыс-туғандары, замандастары мен әріптес қаламгерлер қатысып кеш иесінің 70 жасқа толуымен құттықтап, қызғылықты естеліктерімен бөлісіп, мерейтой иесіне сый-сияпат жасады.
Осы кеште жазушы-публицист Сәдібек Түгелдің таяуда ғана баспадан шыққан "Мыңбасы", "Сұңқардың самғауы" және "Джеки" кітаптарының тұсаукесері рәсімі болды. Бұл кітаптар – ұлт болмысын, дала мінезін, ел тағдырын көркем тілмен кестелеген рухани қазына.
Кеш барысында қатысушылар қаламгермен сұхбаттасып, шығармашылық иірімдеріне үңілуге, жаңа кітаптардың мазмұнымен терең танысуға мүмкіндік алды.
Рухани кездесудің соңы әсем ән мен тәтті күйге ұласты.















