KZ
Өскемен
-4°
снег жел 7 м/с, Ю
517.66 606.49 6.44

Тамызда Өскемендегі "котлован" ресми түрде жағажайға айналады

10.07.2025, 17:00 230 Ержан Әбіш

Қазіргі кезде Өскемендегі «Бейметалл материалдар комбинаты» серіктестігінің маңындағы Ертіс өзенінің бір тармағы (халық арасында «Земснаряд котлованы» деп те аталады) ресми жағажайлар тізіміне енбеген. Себебі құжаттар әлі заңдастырылып жатыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Бұл аумақта ШҚО ТЖД қызметкерлері кезекшілік атқарып, шомылуға рұқсат етілмеген су айдынында демалудың қауіпті екенін ескертіп жүр. Соған қарамастан, жыл сайын тұрғындар дәл осы жерде суға түсіп, демалады. Өйткені котловандар — қала аумағындағы жалғыз ірі су қоймасы. Онда ағыс әлсіз, су жақсы жылынады және жағасы жайлы.

2023 жылы өңір басшылығы жағдайға шынайы көзқараспен қарап, шектеу емес, қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасауды жөн көрді. Осыған орай, демалушылар үшін инфрақұрылым орнату – яғни, дәретхана, душ, киім ауыстыру бөлмелері, қоқыс жәшіктері мен автотұрақтар салу туралы шешім қабылданған.

Көктемде абаттандыру жұмыстары басталып, қазір жол жөнделіп, автотұрақ, жағажай аумағы толықтай жасақталған. Алайда бұл өзгерістерге қарамастан, шомылуға ресми түрде әлі рұқсат жоқ.

— Қазір біз котловандарға «қала жағажайы» мәртебесін беру үшін рұқсат құжаттарын рәсімдеп жатырмыз. Әзірге бұл аумақ шомылуға рұқсат етілген орын саналмайды. Бірақ халықты тоқтату мүмкін емес, сондықтан ТЖД қызметкерлері тәулік бойы кезекшілік атқаруда. Олар демалушыларға қауіпсіздік ережелерін түсіндіреді, — деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Маулетханов ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Қазіргі кезде су түбі мен жағалау сызығы зерттеліп, су сапасы сараптамадан өткізілуде. Рұқсат беретін құжаттар осы айдың соңына дейін дайын болады деп жоспарлануда. Жағажай аумағын толық абаттандыру жұмыстары да тамызда аяқталады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу