KZ
Өскемен
-17°
плотный туман Штиль
505.53 593.44 6.34

Жыл соңына дейін еліміздегі барлық автокөлік өткізу бекеттері жаңартылады

Фото: ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті

15.07.2025, 16:30 285 Ержан Әбіш

Қазақстан сыртқы шекарадағы барлық автокөлік өткізу бекеттерін толық жаңғырту жұмыстарын аяқтауға жақын. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, автопереходтардың жаңғыртылуын жыл соңына дейін толық аяқтау – логистиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету, шекаралық бақылаудың ашықтығы мен елдің сыртқы сауда әлеуетін арттыру бағытындағы стратегиялық қадам.

Бүгінде төрт өткізу бекеті — «Қапланбек», «Атамекен», «Қолжат» және «Алакөл» пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін кезең-кезеңімен қалған бекеттер — «Қазығұрт», «Тажен», «Темір баба», «Майқапшағай» және «Бақты» іске қосылады. Осылайша, жаңғырту жобасы Қазақстанның сыртқы шекарасындағы барлық автокөлік өткізу бекеттерін қамтитын болады.

Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде өткізу бекеттерінің орташа өткізу қабілеті 25 пайызға, ал Қазақстан-Қытай шекарасында 37 пайызға артқан. Сонымен қатар, шекаралық рәсімдерден өту уақыты 9 сағаттан 3 сағатқа дейін қысқарған. Бұл бизнеске тұрып қалу шығындарын азайтуға, ал жүргізушілерге транзиттік маршруттарды тезірек өтуге мүмкіндік береді.

Физикалық жаңғыртумен қатар цифрлық трансформация да жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 55 мың жүргізуші мен 145 мың көлік қолданатын CargoRuqsat электрондық кезек жүйесі енгізілді. Бұл жүйе шекарадан өту уақытын автоматты түрде жоспарлап, инфрақұрылымға түсетін жүктемені азайтады және адам факторын болдырмайды.

Келесі кезең – барлық жаңғыртылған өткізу бекеттерін бірыңғай цифрлық шекаралық басқару жүйесіне қосу болмақ. Бұл шешім орталықтандырылған бақылау, қауіпсіздік пен операциялардың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұл, әсіресе, сыртқы сауда тасымалдарының өсімі мен жаңа геоэкономикалық сын-қатерлер жағдайында аса маңызды.

Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы стратегиялық дәліз ретінде өңірлік және халықаралық логистикалық тізбектердің тұрақтылығы үшін шешуші рөл атқарады. Автокөлік өткізу бекеттерін жаңғырту Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрландыру, экономикалық қауіпсіздікті нығайту және көлік саласына инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындауға толық сәйкес келеді.

Дамир Омаров

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу